Михаил Кукушкин АҚШ-тағы турнирді сәтті бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемнің 262-ракеткасы, қазақстандық Михаил Кукушкин Блумфилд Хилс (АҚШ) челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 1104-орында тұрған америкалық Кристиан Харрисонмен өткізді.

М.Кукушкин бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:2. Әйтсе де екіншісінде тай-брейкте есе жіберді – 6:7 (7:9). Дегенмен үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).

Үш сағат 13 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында М.Кукушкин 5 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Михаил Кукушкин жүлде қоры 80 мың АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 218-ракеткасы, франциялық Джованни Мпеши-Перрикармен таласады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 243-сатыдағы Бейбіт Жұқаевқа қиындау қарсылас тап болды. Ол алғашқы айналымда әлемнің 110-ыншы, жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортқа жол берді – 6:7 (2:7), 5:7.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің 24 эйс жасап, Уимблдонды жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Уимблдонда Елена Рыбакина екінші айналымға шықты. Әлемге әйгілі теннисші Роджер Федерер Елена Рыбакинаның бұл жеңісіне қол соқты.

Баспасөз мәслихатында Е.Рыбакина бірінші сетте америкалық Шелби Роджерске неліктен есе жібергенін айтты.


Соңғы жаңалықтар