Михаил Кукушкин Алматыдағы ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 103-ракеткасы Михаил Кукушкин Алматыда алғаш рет өтіп жатқан ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Іріктеу додасының 2-ракеткасы болып тіркелген М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингіде 237-орында тұрған өзбекстандық Хумаюн Сұлтановтың мысын басты.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 24 минутқа созылған матчта 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кукушкин 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Х.Сұлтанов 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.
М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 195-ракеткасы, ресейлік Алибек Качмазовпен таласады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Қазақстанның жас жұлдызы, 16 жастағы Әмір Омарханов әлемнің 170-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эвансқа жол берді – 4:6, 2:6.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 193-ракеткасы Денис Евсеев рейтингіде 208-сатыдағы ливандық Бенжамин Хассаннан айласын асыра алмады – 2:6, 4:6.
Дүйсенбі күні негізгі жарыс ойындары да басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда ATP 250 турнирінің іріктеу сайыстары басталатынын жазған болатынбыз.
Анна Данилина Қытайдағы WTA 1000 жарысының чемпионы атанды.