Михаил Кукушкин Аустралиядағы жарысты жеңіспен бастады
ОРАЛ. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 113-ракеткасы Михаил Кукушкин Брисбен (Аустралия) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 204-орында тұрған италиялық Андреа Колларинимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны Кукушкин екі брейкпен тәмамдады - 6:2.
Екінші сетте де Михаил өз мүмкіндігін жіберген жоқ - 6:4.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Кукушкин 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Колларини 2 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 168-сатыдағы Аустралия өкілі Тристан Скулкейтпен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Т.Скулкейт отандасы, әлемнің 82-ракеткасы Джеймс Даквортты жолдан тайдырды - 6:4, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен United Cup турнирінде Қазақстан құрамасының Испанияны жеңгенін жазған болатынбыз.