Михаил Кукушкин Бахрейндегі жарыстың келесі айналымына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 110-ракеткасы Михаил Кукушкин Манама (Бахрейн) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде әлемдік рейтингіде 427-орында тұрған ресейлік Евгений Карловскийдің мысын басты.
Кукушкин 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 11 минутқа созылған матчта ол 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Карловский 1 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін рейтингіде 240-сатыдағы италиялық Андреа Вавассоримен шеберлік таластырады.
Осы жарыста қазақстандық екі теннисшінің жолы бола қоймады.
Рейтингіде 266-сатыдағы Денис Евсеев тартысты матчта әлемнің 178-ракеткасы, канадалық Алексис Галарноға есе жіберді – 6:7 (1:7), 7:6 (9:7), 3:6.
Сондай-ақ әлемнің 226-ракеткасы Бейбіт Жұқаев алғашқы айналымда рейтингіде 324-сатыдағы ресейлік Марат Шариповтан жеңіліп қалды – 4:6, 6:7 (4:7).
Дегенмен Б.Жұқаев жұптық сында украиналық Виталий Сачкомен бірге ширек финалға жолдама алды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 88-ракеткасы Александр Шевченко Делрэй-Бич (АҚШ) ATP 250 турнирінде рейтингіде 328-орындағы америкалық Майкл Ммоға жол берді – 5:7, 6:7 (5:7). М.Ммо іріктеу сайыстарының финалында Дмитрий Попконы да қапы қалдырған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Доха турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Марсель турнирінде өткен жылғы чемпионмен кездеседі.