Михаил Кукушкин Италияда Бергамо негізгі турниріне өтті
Қазақстандық, әлемнің 213-ракеткасы Михаил Кукушкин Бергамо (Италия) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстандық теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингте 589-орында тұрған италиялық Федерико Арнабольдиді 6:3, 6:2 есебімен жолдан тайдырды.
М.Кукушкиннің іріктеу сайыстарының финалындағы кездесуі әлдеқайда тартысты өрбіп, үш сетке созылды. Қазақстандық спортшы рейтингте 305-сатыдағы македониялық Калин Ивановскиді 3:6, 7:6 (7:2), 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Екі сағат жарымға созылған бәсеке барысында М.Кукушкин 2 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. К.Ивановски 20 эйспен бірге 3 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Михаил Кукушкиннің негізгі додадағы қарсыласы кейін анықталады.
Бергамо жарысының жүлде қоры 73 мың еуроға бағаланған. Дода 5 қарашада аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның алғашқы матчында жеңіліп қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Дэвис кубогіндегі қарсыластары анықталды.