Михаил Кукушкин қатарынан 11 матчында жеңіске жетіп, Испанияда финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы, 36 жастағы Михаил Кукушкин Тенерифе (Испания) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.

кукушкин
Фото: kukushkin_mikhail/Instagram

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық спортшы жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 399-орындағы испаниялық, 18 жастағы Мартин Ландалусемен сынға түсті.

Бірінші партияда корт иесі ширақтық танытты – 6:2.

Екіншісінде М.Кукушкин есе қайырды – 6:2.

Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болып, қазақстандық теннисші матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады – 5:5. Дегенмен тай-брейкте шеберлігінің басым екендігін дәлелдеді – 7:6 (7:4).

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында М.Кукушкин 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. М.Ландалусе 5 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Михаил Кукушкин финалда әлемнің 156-ракеткасы, италиялық Маттео Гигантемен чемпиондық атақ үшін таласады. Ол жартылай финалда рейтингіде 181-сатыдағы қытайлық Бу Юньчаокэтэні қапы қалдырды – 1:6, 7:6 (7:0), 7:6 (9:7).

Бұған дейін Манама (Бахрейн) челленджер додасында чемпион атанған М.Кукушкин осымен қатарынан 11 матчын жеңіспен аяқтап отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Александр Бублик Дубайдағы турнирдің финалында ұтылып қалды.

Гөзал Айнитдинова Қазақстан чемпионатының абсолютті жеңімпазы атанды.

 

Соңғы жаңалықтар