Михаил Кукушкин Ұлыбританиядағы турнирдің ширек финалына өтті

Дүниежүзілік рейтингте 166-орында тұрған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 118-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, испаниялық Фернандо Вердаскомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда М.Кукушкин басымдылық танытты – 6:3.
Екінші сетте қарсыласы тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:2).
Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болған мезетте Михаил тағы бір брейк жасай білді – 6:4.
Екі сағат 23 минутқа созылған тартысты матч барысында М.Кукушкин 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнтты түгел пайдалана білді. Ф.Вердаско 10 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
М.Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 74-інші, доданың 3-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсонмен таласады.
Қазақстандық спортшы жұптық сында да аустралиялық Джон Миллманмен бірге ширек финалға шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан балалар құрамасының Азия чемпионатының финалдық кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Франциядағы жарыстың ширек финалына шықты.