Михаил Ломтадзе «Жеңіс» клубының иесі атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Михаил Ломтадзе елордалық «Жеңіс» футбол клубына және Астанада әлемдік деңгейдегі балалар академиясын құруға инвестиция салады.
Қазірге дейін ол әлемдік деңгейдегі футбол академиясын құру жоспары туралы хабарлаған еді. Ендігі кезекте академияның Астанадағы «Жеңіс» футбол базасында салынатыны анықталды. Онда жас таланттар халықаралық стандарттар бойынша тегін жаттыға алады.
- Менің арманым - Қазақстанда және Англияда ең талантты жас футболшылар, болашақ жұлдыздар тәрбиеленетін әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру. Оқыту толығымен тегін болады. Жас спортшылар еліміздің және футболдың отаны - Англияның жетекші мамандарымен жаттығуға мүмкіндік алады, -деді Михаил Ломтадзе.
«Жеңіс» футбол клубының бас директоры Айдын Қожахметтің айтуынша, Михаил Ломтадзе сияқты инвестордың келуі – клубтың дамуы үшін үлкен мүмкіндік.
- Біз футболдың болашағы балалардан, инфрақұрылымнан және заманауи әдістемелерден басталатынын бәріміз түсінеміз. «Жеңістің» бай тарихы бар және біз бірлесе отырып, клубтың бұрынғы даңқын қайтара алатынымызға және бүкіл қазақстандық футболдың жарқын болашағына үлес қоса алатынымызға сенімдіміз, - деді ол.
Еске салсақ, бұдан бұрын елімізде «Қайсар» және «Қызылжар» клубтары жекеменшікке өтті.