Михаил Шайдоров Алматыға ұшып келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров Алматыға ұшып келді.
Алматы жұрты спортшыны қала әуежайында ыстық ықыласпен күтіп алды. Түнгі уақытқа қарамастан әуе айлағының халықаралық терминалында Михаил Шайдоровты күткен жұрттың қарасы қалың болды. Чемпионды қарсы алуға қала әкімдігінің өкілдері, оның туған-туыстары мен жанкүйерлері арнайы келді.
Тарихи жүлденің иегері туған қаласының тұрғындарына алғыс айтып, олардың қолдауын ерекше сезінгенін атап өтті.

- Үйге жеттім-ау! Туып өскен қалама, қазір және болашақта тұратын қалама келгеніме қуаныштымын. Туған жеріңде осындай жылы лебізді сезіну - қандай сезім екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрдайым қолдау білдірген сіздерге алғыс білдіремін, - деді Михаил Шайдоров.
Ол әрі қарай да халықаралық жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерге жетуге тырысатынын атап өтті. Сондай-ақ елімізде мәнерлеп сырғанауды дәріптеп, оның дамуына атсалысуды жоспарлап отырғанын айтты.
Салтанатты рәсім барысында танымал қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы Михаил Шайдоровқа кілемге салынған портретін сыйға тартты.

Еске салайық, Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада 92.94 ұпай, еркін бағдарламада 198.64 ұпай - жалпы 291.58 ұпаймен жинап, алтын жүлдені жеңіп алды.
25 ақпан күні әлемдік додада көк туымызды желбіреткен отандасымыз Михаил Шайдоров елордаға ұшып келді.
Кейін Ақорда резиденциясында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.