Михаил Шайдоров қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды
ХАРБИН.KAZINFORM – Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарының ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан бәсекелер өз мәресіне жетті.

Ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарламада өнер көрсеткен қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров 169.26 ұпай жинап, үшінші орынан көрінді.
Оңтүстік Корея спортшысы Чха Джунхван алтын медаль иегері атанса, жапондық Кагияма Юма күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, осы бағдарламада өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық спортшы Диас Жиренбаев 120.62 ұпай жинап, 9-орынға жайғасты.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан делегациясының Харбин қысқы Азия ойындарындағы 7-қола медалі.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан атынан сынға түскен Софья Самоделкина қола жүлдеге бір қадам жетпей қалды.