Ел намысын қорғаған 36 спортшының 10-ы алғашқы ондыққа енді — министр

АСТАНА. KAZINFORM — Қалың жанкүйер Италиядан тарихи жеңіспен оралған Михаил Шайдоровты Астана халықаралық әуежайында зор құрмет-қошеметпен күтіп алды

 Ербол Мырзабосынов
Фото: Ағыбай Аяпберген / Kazinform

Салтанатты қарсы алу рәсімінде сөз алған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшының Олимпиада чемпионы атануына үлес қосқан ата-анасына, жаттықтырушыларына, дәрігерлеріне және басқа да мамандарға алғыс айтты.

— Мұндай үлкен жеңіс балалардың спортқа деген ынтасын оятады. Михаилдың Олимпиада чемпионы атануы көптеген ұл-қызымыздың жолын ашады деп сенемін. Жалпы, қысқы Олимпиадаға қатысқан барлық спортшымызға рахмет айтамын. Еліміздің намысын қорғаған 36 спортшының 10-ы жақсы өнер көрсетіп, алғашқы ондыққа енді, — деді министр.

Іс-шарада ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкин де жылы лебізін білдірді.

— Еліңе медальмен оралудың қандай болатынын мен жақсы білемін. Қыз-жігіттер жарады. Ең алдымен, чемпиондарымыздың бапкерлерін, отбасын құттықтаймын. Өйткені, олар әрдайым спортшылардың жанынан табылып, қолдау білдірді. Спорт саласындағы мамандар — министрлік, федерация, Ұлттық олимпиада комитетінің қызметкерлері — бәрі де осы жеңіске үлес қосты. Бізде енді конькимен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың алтын медалі бар. Қазақстан бұған әбден лайық. Мақтан тұтайық. Олар біздің жаңа қаһармандарымыз, — деді Г. Головкин.

Олимпиада чемпионы
Фото: Ағыбай Аяпберген / Kazinform

Ал Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы демеушілердің атынан Астанадан Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Осындай құрмет мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасановаға және алғашқы ондыққа енген мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға көрсетілді. Оларға бір бөлмелі пәтер сертификаты берілді.

Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров қысқы Олимпиаданың жабылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шыққанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум