Микроқаржы ұйымынан банкке дейін: KMF банк лицензиясын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы соңғы уақытта шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту қажет деп жиі айтып жүр. Кредиттік портфелінің 94,6%-ы кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі KMF бүгін ресми түрде банк лицензиясын алды.

Аталған қаржы ұйымы сонау 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр және қаржы секторының ең орнықты қатысушыларының бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйым активтер, портфель көлемі және клиенттер саны бойынша Қазақстанның микроқаржы ұйымдары арасында бірінші орынды иеленді. Жұмыс істеген жылдары KMF ауқымды өңірлік желі құрды және өзін әлеуметтік бағыттағы және қаржылық тұрғыдан тұрақты институт ретінде көрсетті.
— KMF активтері 395 млрд теңге. Кредиттік портфель жыл басынан бері 12,4%-ға өсіп, 315 млрд теңгені құрады. Бұл ретте бизнеске микрокредиттер портфелі 11,5%-ға, ал жеке тұлғаларды кәсіпкерлік мақсаттарға қаржыландыру үш есе, 172 млрд теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар, KMF тәуекелдерге қатысты консервативті тәсілді ұстанады: 90 күннен аса кешіктірілген қарыздар бар болғаны 5,7%-ды құрайды, — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова

1963 жылдан бері әлемнің 148 елінде даму бағдарламаларын жүзеге асырып келе жатқан америкалық KMF-Демеу қоры (60,4%) KMF-тің негізгі акционері боп табылады. Халықты қаржылық және бизнес сауаттылыққа үйрету шеңберінде KMF және KMF-Демеу қорының жобалары бойынша 180 мыңнан астам адам оқыды, онлайн-форматта 360 мың адам қамтылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 2017 жылы КМF Microfinanza Rating (MFR) халықаралық агенттігінен «А» деңгейінде әлеуметтік рейтинг, ал 2019 жылы әлеуметтік әсерді тамаша басқарғаны және сондай-ақ әлеуметтік миссияны орындаудың жоғары ықтималдығы үшін «AA-» жоғары деңгейін алды.
— Шағын және орта бизнесті, әсіресе, өңірлерде кредиттеу үшін KMF сияқты ойыншылардың маңыздылығын түсіне отырып, 2022 жылы Агенттік заңнамалық деңгейде ірі және қаржылық орнықты микроқаржы ұйымдарына толыққанды банктер болып қайта құрылуға мүмкіндік берді. Қайта құру тетігі бір жылға дейінгі мерзімге есептелген кезең-кезеңмен және құрылымдық айналдыру процесін көздейді. Бұл тәсіл микроқаржы ұйымдарына банк қызметінің жаңа талаптары мен стандарттарына — инфрақұрылым мен IT-жүйелерді жаңғыртудан бастап корпоративтік басқару және тәуекелдерді басқару процестерін қайта құруға дейін біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді, — деді Мадина Әбілқасымова.