Микрокредит ұйымдарының қызметін реттеу жалғасады – Үкімет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың шағын несие алу арқылы қарызға батуына жол бермеу үшін микроқаржы ұйымдардың қызметін реттеу күшейе түспек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасы микрокредитке қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын егжей-тегжейлі айтты. Микрокредит ұйымдарының қызметін реттеуге қатысты осыған дейінгі жұмыстар одан әрі жалғасады. Азаматтарымыз шағын несие алу арқылы қарызға батып, өмірде қиын жағдайға тап болуына жол бермеу үшін микроқаржы ұйымдардың қызметін реттеуді күшейту керек. Бұл дегеніміз - табысы төмен азаматтарға микрокредиттерді беруді шектеу», - деді Әлихан Смайылов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, шектеу қоюдағы мақсат – азаматтарға табыс көлеміне қарай қызмет көрсету, сонымен қатар микрокредит нарығының тұрақтылығын қамту.
Бұған дейін Әлихан Смайылов McDonald's-тың кетуіне қатысты пікір білдірген еді.
Одан бөлек, Премьер-Министр алдағы 2-3 жылда еліміздегі жылу электр орталықтарының қайта жаңаратынын айтты.