Микрокредиттердің ең көп көлемі қай облыстарда берілгені анықталды

снижение ГЭСВ
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов микроқаржы ұйымдарының қызметіне түсінік берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап Агенттіктің реттеуіне онлайн-кредит беру компаниялары, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар енгізілді. 2021 жылдан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау заңнамалық деңгейде бекітілді. Нәтижесінде, 5 мыңнан астам микрокредиттеу субъектілерінен 1 110 компания лицензия алды, қалғандары таратылды немесе қызмет түрін өзгерті. Қазіргі кезде 220 микроқаржы ұйымында, 215 кредиттік серіктестікте және 516 ломбардта микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар», - деді О. Қизатов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазір микроқаржыландыру секторы еліміздің қаржы секторының ең жылдам дамып келе жатқан сегментіне айналды. Кейінгі үш жылда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен несие портфелінің активтері 2 еседен астам өсіп, несие портфелі бойынша 2,4 трлн теңгеге жетті.

«Мәселен, 3 жылдық кезеңде микроқаржыландыру субъектілерінің несие портфелінің құрылымында бизнеске бағытталған микрокредиттер көлемі 2 есе ұлғайып, несие портфеліндегі жалпы көлемнің 56 пайызын құрады. Сонымен қатар, несие портфелінің айтарлықтай өсуіне қарамастан, NPL деңгейі (мерзімі өткен несие) 3,9% деңгейінде сақталды», - деді агенттік өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 3 жылда бұл секторда бизнеске бағытталған микрокредиттер 2 есе, яғни 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өңірлер бойынша микрокредиттердің ең көп көлемі Павлодар (23%) және Қостанай облыстарына (13%) минералдық ресурстарды өндірумен және электр энергиясымен жабдықтаумен байланысты өнеркәсіп секторларына тиесілі.

Сауда және қызмет көрсету секторларына кредит беру Шымкент (10%), Астана (7,3%), Алматы (5,4%) қалаларында және Түркістан (9,8%) және Жамбыл (5,3%) облыстарында басым.

«Егер экономика салалары бойынша кредит берудің жиынтық көлемін қарастыратын болсақ, микроқаржыландыру субъектілерінің қызметі көбіне өнеркәсіп пен электр энергиясымен жабдықтауға (35,1%), ауыл шаруашылығына (25,1%), саудаға (17,5%) қатысты салаларда және қызмет көрсету (14,9%) саласында шоғырланған. Кредиторлар бойынша Қазақстанның 20 облысының 17-сінде кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер үлесі жоғары (68%). 2023 жылдың нәтижесі бойынша бизнеске кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер 932 млрд теңгені немесе кредиттік серіктестіктердің жиынтық портфелінің 96%-ын құрады», - деді Олжас Қизатов.

Микроқаржы субъектілері Қазақстанның барлық облысында бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша МҚҰ-ның бизнеске микрокредиттері 433 млрд теңгені немесе МҚҰ жиынтық портфелінің 35,2 пайызын құрады. МҚҰ-лар жағынан бизнеске микрокредит берудің негізгі көлемі Түркістан облысына (17,0%), Шымкент қаласына (16,8%), Алматы облысына (11,1%) және Жамбыл облысына (10,4%) тиесілі.

Соңғы жаңалықтар