Милан Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасы киім формасының үлгілері жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылы Миланда өтетін Ақ ойындарға арналған Қазақстан олимпиадалық құрамасының формасы уақытында тігіледі. Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.
Макеттердің техникалық талабын келісу және жеткізілген форманы бақылау мақсатында жұмыс комиссиясы құрылды. Оған ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдері, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен белгілі спортшылар тартылған.
- Форма комиссия назарына ұсынылды, ол келісілді. Біз келісімшарт жасаған фирма оны 2026 жылдың 5 қаңтарына дейін жеткізуі керек. Сондай-ақ, Халықаралық Олимпиада комитетімен логотиптерді қолдануға қатысты келісу жүріп жатыр. Бұл бойынша логотип қайда, қай жағында, қандай мөлшерде болу қажеттігі нақтыланады. Айта кетсек, форма бойынша ешқандай проблема жоқ. Комиссия ХОК-та келісілген спорттық киім үлгілерінің тізімін бекітті. Менің ақпаратым бойынша, форма келді, екі апта ішінде бекітілген логотиптер қолданылады, содан кейін ол ел назарына ұсынылады, - деді Нұрлан Есембаев ҚР Туризм және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесі отырысында.
2026 жылғы қысқы Олимпиадаға лайықталған спорттық киім үлгілері жиынтығында спортшылардың ашылу және жабылу рәсімдеріне қатысу үшін салтанатты формасы, сондай-ақ спорттық іс-шараны өткізу кезеңінде пайдаланатын сыртқы киімдер бар. Сондай-ақ, спорттық жаттығулар, дене қыздыру, спортшылардың күнделікті қолдануға арналған жаттығу және күнделікті формасы ескерілген. Жалпы, спорттық киім үлгілері жиынтығы 22 атауды қамтиды. Форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынды.
Еске салсақ, бұдан бұрын 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан туын кімдер ұстап шығатыны анықталды.