Миланда тәртіп бұзған 160 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның құқық қорғау органдары Милан орталығындағы тәртіпсіздіктердің екінші күні 160-қа жуық адамды ұстады. Олардың басым бөлігі — кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі итальяндық БАҚ пен полиция мәліметтеріне сілтеме жасап.
Тәртіпсіздіктер 18 қазан, жексенбі күні Пьяцца-дель-Дуомо алаңы мен оған іргелес көшелерде, соның ішінде Виа-Торино көшесінде басталған еді.
ANSA агенттігінің мәліметінше, негізінен қара киінген, беттерін жасырған бірнеше жүздеген жас дүкендердің әйнектерін сындырып, супермаркеттер мен сауда орындарын тонаған.
Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін, велосипедтер мен көше жиһаздарын төңкеріп, полиция қызметкерлеріне түрлі зат лақтырған.
Зардап шеккен нысандар қатарында Carrefour супермаркеті, Under Armour, Levi’s, Decathlon дүкендері мен Rinascente әмбебап дүкені бар. Полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданды. Кешке қоғамдық тәртіп қалпына келтіріліп, Витторио-Эмануэле II галереясы қоршауға алынды. Ал Дуомо соборы туристер үшін ертерек жабылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталғандардың 80 пайызы — кәмелетке толмағандар. Олар шағын топтармен әрекет етіп, әлеуметтік желілер арқылы ұйымдасқан.
Бұдан бөлек 17 қазанда Италияның Милан, Турин, Болонья және басқа да қалаларында өмір сүру құнының, жанармай бағасының өсуіне және салық жүктемесінің артуына қарсы Italia in Piazza қозғалысының наразылық акцияларында осындай қақтығыстар болған еді.
Полиция мәліметінше, сенбі күні ел бойынша 197 адамның жеке басы анықталып, 28 адам қамауға алынған. Олардың 12-сі кәмелетке толмағандар болса, алтауы шетел азаматтары. Бұдан бөлек тағы 43 адамның ісі құқық қорғау органдарына жолданды. Тәртіпсіздіктен 141 полиция қызметкері зардап шегіп, Миландағы дүкендерге 500 мың еуродан астам шығын келген.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони 19 қазанда Римде қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өткізеді. Жиында бейбіт шерулерді зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздікке пайдаланатындарға қарсы қосымша шаралар қарастырылады.
Милан мэрі Джузеппе Сала қала орталығындағы бұзақылық пен тонау әрекеттерін айыптады. Сондай-ақ Ішкі істер министрі Маттео Пьянтедози де полиция басшылығымен кеңес өткізді.
Италиялық БАҚ елдегі тәртіпсіздіктерді Франциядағы өмір сүру құнының өсуіне қарсы наразылықтармен салыстырып отыр.
Бұған дейін Италияда 20 қарашада жаппай ереуіл өтетінін хабарлаған болатынбыз.