Миллиардер Майкл Линчтің суға батып кеткен суперяхтасы теңіз түбінен шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Сицилия жағалауында 10 ай бұрын батып кеткен Bayesian суперяхтасы су түбінен шығарылды, деп хабарлайды Associated Press.

Екі минутта суға батып кеткен кемені көтеру операциясының үш күнге созылғаны атап өтілді.
Яхтаны Сицилиядағы Термини-Имерес портына жеткізу жоспарланған, онда тергеушілер апаттың себептерін анықтаумен айналысады.
Британдық миллиардер Майкл Линчке тиесілі яхта 2024 жылдың 19 тамызында аударылды. Ол кезде бортында 22 адам болған. Қаза тапқандар арасында Майкл Линч, оның 18 жасар қызы Ханна және Morgan Stanley International ұйымының төрағасы Джонатан Блумер бар. Яхта жағалаудан 800 метрдей жерде болған.
Құны 35 миллион еуро тұратын 56 метрлік Bayesian яхтасының бортында Ұлыбританиядағы ең табысты технологиялық кәсіпкерлердің бірі Майкл Линч болды. Линчті «британдық Билл Гейтс» деп атаған. Ол Ұлыбританиядағы ең ірі бағдарламалық қамтамасыз ету компанияларының бірі Autonomy компаниясын құрды және оны 2011 жылы HP компаниясына 11 миллиард долларға сатуға тырысты. Бірақ американдық технологиялық алпауыт оны алаяқтықпен айыптағаннан кейін мәміле сәтсіз аяқталды. Маусым айында Сан-Франциско соты оны барлық айыптардан ақтады.
Кеме экипажының үш мүшесі жауапсыздық және кемені жақындап келе жатқан дауылдан құтқара алмағаны үшін айыпталуда. Айыптаушы тараптың айтуынша, олар Bayesianның суға батып бара жатқанын түсінбеген, шұғыл шаралар қолданбаған және жолаушыларға қауіп туралы ескертпеген.
Еске сала кетейік, Сицилия жағалауындағы кеме апатында британиялық кәсіпкер Майкл Линч із-түссіз жоғалғаны жайлы жазған едік.