Миллиондар бөлінгенімен, маса азаймай тұр: Атырауда тұрғындардың шағымы көбейді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраулықтар биыл масаға қарсы күреске 172 млн теңгеден астам қаржы бөлінгеніне қарамастан, жүргізіліп жатқан дезинсекция нәтижесіне көңілі толмайтынын айтып отыр. Қала тұрғындарының сөзінше, соңғы күндері маса көбейіп, кешке көшеде жүру қиынға соққан.

Атырауда маса қаптап, тұрғындардың шағымы көбейді
Фото: Видеодан скрин

Атырау қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде маса улау жұмысының тиімділігіне қатысты шағымдарын жиілетті. Олардың пікірінше, қомақты қаржы бөлінгенімен, зиянкестер саны азаймай отыр. Тұрғындар дезинсекция жүргізіліп жатқан аумақтар мен пайдаланылған техникалар туралы тұрақты түрде есеп жариялауды сұрайды.

— Қаладағы әр аудан мен көшелерде жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмысты күшейтіп, пайдаланылған техникалар мен атқарылған жұмыстар туралы бейне есептерді тұрақты түрде жариялап отыруды сұраймыз. Мысалы, қай аумақта қандай жұмыстар жүргізілгені көрсетіліп, сол аумақ тұрғындарының пікірлері де ескерілсе, атқарылған жұмыстың нәтижесі халыққа ашық әрі түсінікті болар еді, — дейді атыраулықтар.

109 бірыңғай байланыс орталығына сәуір айынан бері масаға қатысты 815 өтініш түскен. Оның 796-сы орындалған.

Қала бойынша дезинсекцияға «AG Disinfection Services» ЖШС жауапты. Мердігер мекеменің мәліметіне сәйкес, маса улау күн сайын кешкі сағат 22:00–ден таңғы 06:00–ге дейін жүргізіледі. Қазір жұмыстар күшейтілген режимде ұйымдастырылып, тәулігіне 3-4 рейс орындалып жатыр.

Мамандар соңғы күндері масаның көбеюін жауын-шашынның жиі жаууымен және теңіз жақтан соққан желдің әсерімен байланыстырады.

— Масамен күрес үш кезең бойынша жүзеге асады. Дезинсекция кезінде «Агран», «Мистраль», «Фаскон», «Сольфак» және «Циперметрин» препараттары қолданылады. Бұл құралдар адам денсаулығы мен үй жануарларына қауіпті емес. Барлық ерітінді арнайы зертханада дайындалып, тиісті тексеруден өтеді, — деді мердігер мекеменің өкілі Гүлсара Ходжебекова.

Ерік-Мостовой каналы мен «Сасық сай» булану алаңы масаның негізгі көбею ошақтарының бірі саналады. Осыған байланысты аталған аумақтарды улауға дрон жұмылдырылған. Бұл құрал арқылы шашылатын ерітінді 300 метр радиусқа таралып, әсер ету аумағы 2 шақырымға дейін жетеді. Мұндай жұмыстар масаның көбею деңгейіне қарай аптасына бір-екі рет атқарылады.

— Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістері, су айдындары мен ылғалды аумақтар да залалсыздандырылып жатыр. Жұмыстар жаз бойы жалғасады, — деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Қариполлаев.

Айта кетейік, биыл Атырау қаласының оң және сол жағалауындағы ықшамаудандарда масаға қарсы күрес жүргізуге жергілікті бюджеттен 172 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұған дейін Атырауда маса улау жұмыстарына алғаш рет дрон пайдаланылатынын жазған едік.