Милорад Додиктің президенттік мандаты жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Босния және Герцеговина Орталық сайлау комиссиясы Серб Республикасының президенті Милорад Додиктің мандатын жойды, деп хабарлайды DW

Милорад Додик
Егор Алеев/ ТАСС

Комиссия мұндай шешімді сот үкімі мен сайлау туралы заңға сүйене отырып қабылдағаны атап өтілді. Шешімді комиссия мүшелері бірауыздан мақұлдады. Апелляциялық шағым беру мерзімі енді белгіленеді. Шешім күшіне енгеннен кейін 90 күн ішінде мерзімінен бұрын сайлау өткізілуі тиіс.

Осы жылдың ақпан айының соңында сот Додикті Босния және Герцеговина бойынша Жоғарғы өкілдің шешімін орындамағаны үшін кінәлі деп тауып, бір жылға бас бостандығынан айырды және алты жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды. Жоғары өкіл – Босния соғысын аяқтаған Дейтон келісімдерінің орындалуын қадағалайтын халықаралық өкіл.

Бұл іс бойынша екінші айыпталушы, «Ресми ақпарат» басылымының басшысы Милош Лукич кінәсіз деп танылып, ақталды.

Прокуратураның қорытындысына сәйкес, Додик пен Лукич халықаралық өкілдің тыйымына қарамастан өз қызметін жалғастырған. Үкім жарияланғаннан екі күн өткен соң прокуратура Додикті ғана емес, Серб Республикасы үкіметінің басшысы Радован Вискович пен Ұлттық мәжіліс төрағасы Ненад Стевандичті де қамауға алуды талап етті.

Алайда Додик өзіне тағылған айыптарды заңсыз деп атап, Серб Республикасы аумағынан шықпайтынын айтты. Оны қамауға алуға бірнеше рет әрекет жасалды.

Жоғарғы сот Додиктің үкімін өзгеріссіз қалдырды. Алайда Додик отставкаға кетпеуге және жаңа сайлауға қарсы шара қолдануға уәде берді.

Додик 2010 жылдан бері Серб Республикасы президенті қызметін үш мерзімге атқарды және 2018 жылдан 2022 жылға дейін Босния және Герцеговина Президиумының мүшесі болды.

Босния және Герцеговина Президиумы – алқалы басқару органы болып, ол боснялық, хорват және сербтердің өкілдері саналатын үш адамнан тұрады.

Серб Республикасы — Босния және Герцеговина құрамындағы әкімшілік-аумақтық бірлік. Ол 1992 жылы тәуелсіз мемлекет болып жарияланды, бірақ 1995 жылғы Дейтон бейбітшілік келісімінің нәтижесінде Босния және Герцеговинаның бір бөлігі ретінде танылды.

Еске сала кетейік, Босния мен Герцеговина төрағасы дипломатиялық қатынастар тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынған болатын

Соңғы жаңалықтар