«Милтон» дауылы: АҚШ-тағы отандастарымызға жергілікті биліктің нұсқауын мүлтіксіз орындауға үндеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі «Милтон» дауылы Флорида штатының батыс жағалауына соғуы мүмкін болғандықтан сондағы отандастарымызға мейілінше сақ болып, жергілікті биліктің нұсқауын мүлтіксіз орындауға шақырды.

АҚШ-тың Ұлттық ауа райы қызметі Гринвич уақытымен сағат 23:00 шамасында дауылдың ең күшті лебі соғатын «көз қабырғасы» (немесе «көзі») деп аталып кеткен периметрі — ең қауіпті бөлігі жағалауға жеткенін хабарлады.
«Милтон» Флоридаға жеткенге дейін біршама бәсеңдеп, ең қауіпті бесінші санаттан төртіншіге, содан кейін үшінші санатқа (жел жылдамдығы 208 км/сағ) ауыстырылды.
Алайда, сарапшылардың түсіндіруінше, «Милтонның» қауіпі әлі де сейілмей тұр: эвакуацияланбаған адамдар үшін желдің жылдамдығы 4,5 метрге дейін жететін толқын тудырып, жақын маңдағы аумақтарды су басып кету қаупі бар, сондай-ақ ол теңіз жағасынан алыс жерлерде де су тасқынын тудыратын күшті нөсерге себеп болуы мүмкін.
ВВС хабарлауынша, Американың Дауылдарды зерттеу ұлттық орталығы Гринвич уақытымен түнгі сағат екінің шамасында «Милтон» дауылы құрлыққа жеткеннен кейін біршама бәсеңдеп, екінші санатқа ауысқанын жариялады.
2-ші санаттағы дауылды желдің тұрақты жылдамдығы — 154-177 км/сағ.
Еуропада қабылданған Бофорт шкаласы бойынша тұрақты (екпінсіз) жылдамдығы 118 км/сағ болатын жел дауыл болып саналады. Саффир-Симпсон шкаласы бойынша дауыл санаттары да осы белгіден басталады.
Қазіргі кезде «Милтонның» орталығы Флорида түбегі арқылы солтүстік-шығысқа, Атлант мұхитына қарай жылжып барады.
«Құрметті отандастар! ⠀АҚШ-тың Ұлттық дауылдар орталығының мәліметіне сәйкес, 10 қазанға қараған түні, шамамен сағат 01:00–02:00-де Мексика шығанағының оңтүстігінде басталған „Милтон“ дауылы Флорида штатының батыс жағалауына соғуы мүмкін. Сондай-ақ дауыл Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарының кейбір аумақтары арқылы өтуі мүмкін.⠀Флорида штатының жергілікті билігі бірнеше округте міндетті эвакуация шараларын жариялады. Барлық тұрғындар табиғи апат қаупі туындаған жағдайда эвакуацияға дайын болуы тиіс.⠀Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі жергілікті биліктің нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырады. Көмек қажет болған жағдайда Елшілікке дереу хабарласуларыңызды сұраймыз.⠀Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің тәулік бойы «жедел желісі»: +1 202 595 6467+1 626 251 6253⠀Өз қауіпсіздігіңізге сақ болыңыз және ауа райына байланысты жаңартылған ақпараттарды мұқият қадағалаңыз», — деп хабарлады Елшілік.