«Мың бояулы Бурабай»: Тілшілер табиғи парктің тыныс-тіршілігімен танысты

ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне баспасөз сапары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

баспасөз
Фото: Ерлан Омаров

Сапар аясында БАҚ өкілдері ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС ұйымдастыруымен өтіп жатқан дәстүрлі «Бурабай тұқы-2023» турнирін тамашалады.

Балықшылар жарысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген командалар Қотыркөл көлінен тұқы балығын аулап жарысып жатыр.

– Бұл турнир бұрын еліміздің өзге өңірлерінде өтетін. Биыл Ақмола облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ереже бойынша, әр команда екі балықшыдан тұрады. Біздің жарысқа еліміздің көптеген облыстарынан 30 команда келді, – деді «Бурабай-Даму» серіктестігінің туризм және маркетинг бөлімінің бас менеджері Олжас Данияров.

баспасөз сапары
Фото: Ерлан Омаров

Сайыс ережесі бойынша, балықшылар ұстаған балығын суретке түсіріп, салмағын өлшеп, қазылардың есебіне тіркеткен соң, бірден суға жібереді. Қазылар салмағы 1,5 килодан асатын балықтарды ғана есепке алады. Бүгін таңғы 7:00-де басталған ертең таңғы 10:00-де мәреге жетуге тиіс.

Сондай-ақ, «Мың бояулы Бурабай» баспасөз сапары аясында БАҚ өкілдері «Мирный» орман шаруашылығына барып, Ұлттық парк қызметкерлерінің жануарларға қысқы жемшөп дайындау барысымен танысты. Аскания бұғыларының тыныс-тіршілігін бақылады.

Ұлттық парктің аға ғылыми қызметкері Евгений Архипов журналистерге фототұзақ орнату әдістерін көрсетті.

– Фототұзақ арқылы жергілікті аң-құстардың санын, өсімін, қай жерлерде жиі кездесетінін, жалпы тыныс-тіршілігін зерттейміз, – дейді ғалым.

баспасөз сапары
Фото: Ерлан Омаров

 

БАҚ өкілдері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылымдық бөлімі саналатын Марал шаруашылығына барды. Шаруашылықта 200 басқа жуық әсем жануар бар. Барлық бұғы-маралдарға үнемі ветеринарлық бақылау жасалады. Пантотерапия орталығына қажетті емдік өнім алынады.