Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысын арнайы комиссия бақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша республикалық штаб құрылған болатын. Аталған штаб жұмысы аясында  бүгінде халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында негізгі ақпараттардан хабардар болды.
None
None

Штаб жұмысын талдай отырып, мынадай негізгі ақпараттарды бөліп алдық. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры тегін кепілдендірілген көмек аясында да, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша да конкурс негізінде мемлекеттік және жеке клиникалардан медициналық қызметтерді сатып алады.

Байқау екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде әрбір медициналық ұйым қызметтерді жеткізушілердің бірыңғай тізбесіне өзінің техникалық-экономикалық және медициналық деректерін енгізеді. Ұсынылған деректерге сәйкес, қор олардың белгіленген ең төменгі стандарттарының сәйкестігіне баға береді. Оң нәтиже болған жағдайда медициналық ұйым конкурстың екінші кезеңіне өтеді. Екінші кезеңде қор ұсынылған қызметтердің көлеміне, оның құнына және өткен жылы көрсетілген қызметтердің сапасына белгіленген критерийлер бойынша баға береді. Егер медициналық ұйымның ресурстық қамтамасыз етілуі белгіленген ең төменгі стандарттарға, ал көрсетілетін қызметтер белгіленген сапа критерийлеріне сәйкес келетін болса, онда медициналық ұйым әлеуетті қызмет беруші ретінде таңдалады. Осылайша, тиісті ресурстық тұрғыдан қамтамасыз етілген және білікті көмек көрсетуге қауқарлы тәжірибелі мамандары бар үздік мемлекеттік және жеке емханалар медициналық көмек көрсету мүмкіндіктеріне ие болады.

Тағы бір мәселе медициналық көмекке жүгінген , сақтандырылған азаматтар мәртебесі. Бұл бағыт бойынша барлық медициналық ұйымдар Қазақстан Республикасының сақтандырылған азаматтарының бірыңғай тізбесін қарай алады, яғни ақпарат қолжетімді. Азамат медициналық қызметкерге жүгінген кезде, жеке сәйкестендіру нөмерін енгізіп, оның сақтандыру дәрежесін анықтауға болады. Егер аударымдар жүргізілген болса, онда өтініш білдірген азамат сақтандырушы ұсынатын қызметтің барлық түрін ала алады. Егер олай болмаса, онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ғана көмек көрсетіледі.

Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы келісімшарт жасаған барлық медициналық ұйымдар көрсетілген қызметтері туралы ақпаратты қорға күн сайын ұсынады. Көрсетілген қызметтердің көлемі мен сапасын сараптауды қордың өңірлердегі аумақтық бөлімшелері жүргізеді. Қор ай сайын аумақтық бөлімшелерден төлем қажеттілігін алады және соның негізінде медициналық ұйымдардың есебіне қаражатты аударады.

Сондай-ақ, бірыңғай ақпараттық жүйе деректерінің негізінде алдағы уақытта келісімшарттың іске асырылуына әсерін тигізетін медициналық ұйымдардың рейтингін үнемі анықтап отырады.

Енгізілгелі отырған МӘМС жүйесі еліміздің денсаулық сақтау саласын реформалау процестеріне үлкен қозғау болады. Басқарудың экономикалық әдістері, қаржылық және материалдық ресурстарды тиімді пайдалану медициналық көмек сапасын жақсартып, еңбекақының өсуіне мүмкіндік береді. МӘМС жағдайында әрбір медициналық ұйым еңбекке ақы төлеу мәселесінде сараланған әдісті енгізе алады, қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыру үлгісін өз бетінше қалыптастыра алады. Яғни, танымал кәсіби мамандар, тәжірибелі жоғары білікті дәрігерлер қазіргі жағдайға қарағанда көбірек еңбекақы алады.

Сонымен қатар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда бақылауды қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Бұл - медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссия. Аталған комиссия Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры мен қоғам өкілдерінің арасындағы диалог құратын келісім алаңына айналады. Комиссия құрамына міндетті түрде дәрігерлер қауымдастығының, пациенттердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енеді. Қор жарғысында МӘМС жүйесінің қызметі мен оны дамыту мәселелері бойынша қоғамдық кеңес құру мүмкіндігі қарастырылуда, оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және ел азаматтары кіре алады. Өз кезегінде, қордың директорлар кеңесі бекіткен ережемен айқындалатын қоғамдық кеңестің қызмет регламентіне «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының жұмысын қоғамдық бақылау тетігі қосылуы мүмкін.

Штаб, осы кезге дейін атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, республика аумағында жоспарлы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырады.

 

Соңғы жаңалықтар