Minecraft ойынында Жердің 1:1 масштабындағы көшірмесі жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Thijs лақап атымен танымал 20 жастағы жоба авторы Minecraft ойынында планетамыздың 1:1 масштабтағы дәл көшірмесі — WorldCraft жобасын ұсынды.
Жобаны X әлеуметтік желісінде Thijs лақап атымен танымал Тейс Симониан жасаған. Оны жүзеге асыруға планетаның әр түкпірі туралы деректерді өңдейтін 250-ден астам ЖИ агенті жұмылдырылған. Жердің толық виртуалды көшірмесін алдын ала жасауға шамамен екі петабайт жад қажет болғандықтан, сервер аумақтарды ойыншылардың сұранысына қарай тікелей қалыптастырады.
i recreated THE ENTIRE WORLD in minecraft at 1:1 scale. every building on earth, including your house! to do this, i trained a SOTA world-to-minecraft generator on maps data, complete with furnished home interiors! play and check out your neighborhood: https://t.co/m4vk9WqBZp https://t.co/zTs4vZhdfT
— thijs (@cdngdev) November 16, 2026
Виртуалды аумақтарды жасау үшін жүйе жер бедерінің биіктігі туралы деректерді, ашық картографиялық мәліметтер мен әуеден түсірілген үшөлшемді суреттерді пайдаланады. Солардың негізінде жер бедері, жолдар мен өзіндік ерекшеліктері бар ғимараттар жасалады. Бұдан бөлек жүйе үйлердің жиһаз қойылған ішкі көрінісін де қалыптастыра алады.
Бастапқыда жоба тек АҚШ пайдаланушыларына қолжетімді болады деп жоспарланған. Алайда техникалық ақаулар реттелген соң, оны әлемнің кез келген елінен пайдалануға мүмкіндік туды. Соған қарамастан, кейбір қолданушылар Австралия мен Жаңа Зеландияны қоса алғанда, жекелеген аймақтардың картасын жүктеу кезінде қиындықтарға тап болғанын хабарлады.
Жоба жұртшылықтың қызығушылығын оятып, ойыншылар виртуалды әлемнен өздері білетін жерлерді іздей бастаған. Кейбірі бұрын оқыған мектептері мен тұрған аудандарын тауып алғанын жазды.
Алайда жобаға деген жоғары сұраныс сервердің жұмысына салмақ түсірді. Numerama басылымының хабарлауынша, 17 қарашада серверге шамадан тыс жүктеме түсіп, журналистер ойынға кіре алмаған.
Жердің виртуалды көшірмесін аралап көру үшін worldcraft.gg сайтына кіріп, Minecraft Java Edition ойынының 26.2 нұсқасын іске қосу керек.
Бұған дейін Алматыда 3D технологиялары арқылы жеке ортездер жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана ашылғаны хабарланған болатын.