Министр астық экспорты туралы: Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия нарықтарын өзімізге қайтардық

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында биыл Иран мен Грузияға астық экспорттау көлемі қалпына келгенін мәлім етті. 

астық экспорты
Коллаж: Kazinform/Pixabay

- Биыл қазақстандық астық Бельгия (10,6 мың тн), Португалия (14,2 мың тн), Польша (4,9 мың тн), Норвегия (13,6 мың тн), Ұлыбритания (3 мың тн), Вьетнам (17,7 мың тн), Біріккен Араб Әмірліктері (1,6 мың тн) және Солтүстік Африка (Марокко (162 мың тн), Алжир (181 мың тн), Египет (11,6 мың тн)) елдеріне жеткізілді.

Иран (738,3 мың тн), Әзербайжан (542,5 мың тн), Армения (1 мың тн) және Грузия (76,3 мың тн) бағыттарына экспорт қайта жанданды. Бұл жерде өте төмен түсіп кеткен. Қазір сол көлем қалпына келді, - деді министр.

Осылайша биыл орылған 2,2 млн тонна қазақстандық астық экспортталған.

- Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21% көп. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес астықты терең өңдеу бойынша 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылады, - деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, Үкімет бүгін егін жинау науқанын қорытындылап, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар