21:41, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Министр аймақтардағы туризмді дамытуға арналған шеберлік-жоспарларын әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Республика аймақтарында мемлекеттік бағдарламада қарастырылған туризмді дамытуға арналған шеберлік-жоспарларын әзірлеу міндеті орындалмай жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен алқа мәжілісінде ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ облыс орталықтарында аймақтағы туризмді дамытуға арналған шеберлік-жоспарларын әзірлеу міндеті қарастырылған. «Бірақ аталған құжаттарды әзірлеу жұмыстары тек Алматы, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында ғана жүргізілуде. Республиканың 8 аймағында бұл жұмысты енді ғана қолға алып жатыр. Ал Атырау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында бұл бағыттағы жұмыс әлі басталған да жоқ. Осыған байланысты мен облыстық спорт басқармаларының жетекшілеріне ағымдағы жылдың 1-ші шілдесіне дейін шеберлік-жоспарларды даярлап, оларды орындау ісіне кірісуді тапсырамын», - деді Т.Досмұхамбетов.Министр атап көрсеткендей, жергілікті жерлердегі билік өкілдері қолдау жасамай жатқандықтан, аймақтардағы туристік кластер дамымай отыр.