Министр: Беларусь тарапының жүк тасымалдаушыларды Еуропаға өткізбеуін кедергі деп бағалаймын
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Сенат отырысынан кейін өткен брифингіде Еуропаға жүк тасымалдап жүрген қазақстандық көліктердің Беларусь шекарасында қаңтарылуына байланысты пікір білдірді, деп Kazinform.
«8 қаңтардан бастап осындай мәселе болып тұр. Қазіргі таңда оны Ресей және Беларусь тарапындағы әріптестерімізбен талқылап жатырмыз. Бұл мәселені біз кедергі жөніндегі комиссияға ресми түрде жібереміз. Бүгінде олардан жауап күтіп жатырмыз. Меніңше, өз пікірім, бұл – кедергі. Техникалық барьер дейді ғой, бұл – барьер. Олай болмау керек», - деді министр.
Ведомство басшысы мәселе оң шешілмесе, Беларусь тарапының бұл әрекетін ресми түрде кедергі деп танитындарын айтады.
«Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың интеграция шарттарына сәйкес келмейді. Бірақ біздің әріптестер (Беларусь тарапы – ред.) бұл қауіпсіздіктің мәселелері деп отыр. Шарттың 29-бабында ондай негіздеме бар екенін айтып отыр. Бірақ бұл мәселені біз басқаша қараймыз. Бұл тауар қозғалысын шектейді. Мәселені тиісті деңгейде реттей алмасақ, ресми түрде комиссия қарауына кедергі ретінде енгіземіз», - деді Арман Шаққалиев.