Министр Берік Камалиев Болгарияның көлік, ақпараттық технологиялар және байланыс министрі Ивайло Московскимен кездесу өткізді
деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу басында министр Б. Камалиев Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі инновациялық-индустриалдық даму жөнінде мемлекеттік бағдарламаны қабылдап, іске асыруда. Бұл бағдарламада көлік саласына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, елдің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында Қазақстан бірқатар ірі жобаларды іске асыруда, оның ішінде, Қорғас - Жетіген және Өзен - Түрікменстан мемлекеттік шекарасы темір жолдарының құрылысы және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мега жобасын іске асыру.
Сонымен қатар, елдің ең мақсатты және тиімді нүктелерінде сауда, көпсалалы және көліктік логистикалық орталықтары белсенді қалыптасуда. Осындай алғашқы орталық - шекарада Қытаймен құрылып жатқан «Хоргос - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы болып табылады. Бұл орталық «құрғақ порт» қағидасы бойынша көлік-коммуникациялық кешен ретінде жұмыс істейтін болады. Бүгінгі күні «Хоргос» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы өз қызметін бастады. Онда осы жылы инженерлік инфрақұрылым құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Бұл жобаларды ескер отырып, Б. Камалиев болгарлық тарапты алдағы уақытта екі мемлекет арасынадғы сауда айналымының артуына әсерін тигізетін Еуропа бағытында жүкті қалыптастыру үшін Хоргостағы терминалдардың құрылысына қатысуға шақырды.
Азаматтық авиация саласында Қазақстан мен Болгария арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Келісім ратификацияланғаннан кейін күшіне енеді. Жүргізілген жұмысты ескере отырып, Берік Камалиев жолаушылар тасымалының сұранысын есепке ала отырып, тікелей әуе қатынасын орнату мәселесін қарауға дайын екендігін қуаттады.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Болгария арасындағы жүк тасымалының негізгі көлемі теміржол көлігі арқылы жүзеге асырылуда. Осылайша, 2011 жылғы 9 айда жүк тасымалының көлемі 17 620 тоннаны құрады, оның ішінде, теміржол көлігінде 90%, автомобиль көлігінде 10%. Мұнай өнімдері, көмір, азық-түлік жүктері, халық тұтынатын тауарлар, құрылыс жүктері басты тасымалданатын жүктер болып табылады.
Жалпы, тараптар көлік саласындағы қатынастардың оң және тұрақты өсу динамикасын атап өтті, сондай-ақ, қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екендіктерін қуаттады.