Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері қашан өсуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ең төменгі жалақы өсе ме? Бұл сұраққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

- Былтыр ең төменгі жалақы айқындаудың жаңа әдістемесін қабылдадық. Онда еңбек өнімі мен медиандық жалақының сәйкестігі ескерілген... Қазіргі кезде бірнеше институт өңірлер мен салалар бойынша еңбек өнімділігі мен медиандық еңбекақы және инфляция деңгейіне қатысты нақты көрсеткіштерді шығару үшін зерттеу жүргізіп жатыр. Осының бәрі елімізде ең төменгі жалақыны есептеу кезінде ескеріледі, - деді С. Жақыпова Парламент палаталарының бірлескен отырысы алдында.
Осы орайда тілшілер ең төменгі жалақы қаншалықты көтерілетінін сұрады.
Өз кезегінде министр нақты деңгей аталған зерттеуден кейін жарияланатынын, яғни жыл соңына дейін айқындалатынын айтты.
- Келер жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы деңгейін көтеру үшін бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, елімізде ең төменгі жалақы 85 000 теңге. Бұған дейін былтыр күзде Светлана Жақыпова еліміздегі ең төменгі жалақының өсуіне қатысты түсінік берген еді.
Сонымен қатар жақында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін ең төменгі айлықты көтеру туралы депутат ұсынысына жауап берді.