Министр: Ет бағасын өсірген экспорт сұранысы ғана емес
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Kazinform-ға берген сұхбатында еттің қымбаттауын әділетті құбылыс ретінде бағалады.
— Еттің қымбаттауына кешенді себеп әсер етті. Жанармай мен тарифтің, ем-дәрінің қымбаттауынан, айлықты көтеру қажеттілігінен өзіндік құны өсті. Оның үстіне 40 күн сынбаған шөлмектің бір күн сынатын факторы да әсер етті. Ет бағасы талайдан бері бір деңгейде тұрды. Осылайша серіппедей сығымдала түсті. Ал былтыр сол серіппе босап, баға нарық деңгейіне шықты, — дейді А.Сапаров.
Министр етке сырттан қалыптасқан сұраныс бағаға соншалық әсер етпеді деп есептейді.
— Экспорт сұранысының факторы да бар, бірақ ол онсыз да өсіп жатқан бағаны қамшылай түсті. Экспортқа кетіп жатқан ет өндірілген еттің аз бөлігі ғана. Мысалы, 2025 жылы 435 мың тонна сиыр еті өндірілсе, соның 32 мың тоннасы ғана сыртқа сатылған (7%), — деді министр.
Ведомство басшысы еттің бағасы әділетті болғаны ауылдағы ағайынға жақсы екенін де еске салды.
— Адамдар фермер де өзі сияқты азамат екенін ұмытып кетеді. Ол да лайықты өмір сүрсем, балам сапалы білім алса деп ойлайды. Жұмысшыларының лайықты айлық алғанын қалайды. Шаруа да еңбегіне сай табыс табу керек. Малшының маңдай тері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр, — деді Айдарбек Сапаров.
Бұған дейін әлемдегі сиыр етінің бағасы мен Қазақстандағы бағаны салыстырған едік.