Министр Г.Әбдіқалықова БҚО-да «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты

ОРАЛ. 12 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында болып, әріптестерімен кездесті.
None
None

Кездесуге олардан басқа облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның төрағасы Руслан Сапарғалиев пен қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарының директорлары қатысты.

Кездесуді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Кемел Сәдбеков ашып, «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының биыл өңірде қалай атқарылып жатқаны туралы қысқаша хабарлама жасады. Кемел Ермекұлының айтуынша, іс барысы қалыпты. Жалпы, осы бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 5,6 млрд. қаржы бөлінген. Соның ішінде 1 миллиардтан астамы жұмыссыздар мен жалақысы аз адамдарды оқыту мен қайта даярлау саласына бағытталған. Қазір көптеген адам сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлаудан өтіп жатыр. Күні бүгінге дейін 701 адамның 393-і жұмысқа орналастырылды. «Жастар тәжірибесі» бойынша да нақты жұмыстар тындырылып, талай жас өмірден орнын тапты. Енді халықты жұмыспен қамту мақсатына бөлінген қаржының алғашқы легі өңірге келіп жетті. Ол несие серіктестіктеріне бөлініп, аудандарда біртіндеп игерілу үстінде. Конкурс жарияланған. Әзірге бөлінген несие бойынша пәмін (ставка) 3,7 пайызды құрайды. Оны бес пайызға дейін көтеруге рұқсат етілген.

«Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ының төрағасы Руслан Сапарғалиев былтыр Қазталов ауданымен қатар қанатқақты жоба бойынша Зеленов ауданына берілген мемлекеттік несие қаржысының жетпіс пайызының ауыл шаруашылығына, қалғаны жеке салаға (сауда, шаштараз ашу, т.б.) бөлінгенін хабарлады. Сонымен қатар ұсынысын да қоса жеткізді. Төрағаның пікірінше, өзі басқарып отырған АҚ-ға қаржы агенттігі ресми мәртебесі берілмей отыр. Мұның өзі қанша дегенмен, жұмыс мүмкіндігін кеңейтуге кереғар. Олай болса, халыққа қаржы таратуда «Қазпошта» АҚ-ның аудандық бөлімшелерінің қызметін неге пайдаланбасқа?! Министр бұл ұсынысты қабыл ала отырып, өзі басқаратын министрлік пен «Қазпошта» ведомствосы арасында көптен бері келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Әзірге аталған тарап оң ықылас танытпай отыр. Өйткені қарыздың қайтарымынан жасқанады.

Әрі қарай министр сөйлеген сөзінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанғандық сезімін білдірді.  Ол, әсіресе, қайта даярланып жатқан мамандардың сапасына көңіл бөлу керектігін ескертті. Бөрлі ауданына көшірілгендердің де хал-ахуалын үнемі назарда ұстап, оларға жұмыс орындарын даярлау қажет. Бүкіл әлеуметтік бағдарламалардың орындалуын үнемі назарда ұстап отыруды К.Сәдбековке айрықша тапсырды. Жиын барысында министр жекелеген сұрақтарға жауап берді.

Бұдан кейін министр қаладағы «Шапағат» медициналық-әлеуметтік мекемесі мен қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінде болып, олардың жұмысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар