Министр Ғани Бейсембаев Шымкент тұрғындарының жеке мәселелерін тыңдады 

Ғани Бейсембаев
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

ШЫМКЕНТ.KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барды. Алдымен мектеп директорлары, білім бөлімі мен басқарма басшыларының қатысуымен білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған кеңес өткізді. Кейін Оқу-ағарту министрі азаматтарды жеке қабылдады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Кеңесте білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, PISA жаһандық зерттеу және МОДО ішкі бағалау жүйесінің қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы мектептердің нәтижелеріне қатысты сұрақ көтерілді.

Тежеуші факторларды анықтау үшін Оқу-ағарту министрлігі сегіз негізгі бағыт бойынша білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді талдау және бағалау жүргізді. Бұл кадрлық құрам, білім алушылар контингенті, құрылтай және құқық белгілейтін құжаттардың болуы, Оқу процесі, тәрбие жұмысы, оқу-материалдық активтер, білім алушыларға жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Кеңес
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

«Министрлік білім беру сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған бірқатар ірі жобаларды іске асырды. Біздің ортақ мақсатымыз – балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Ол үшін жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген дұрыс бағдарларды анықтау қажет. Тексеру нәтижелері бойынша білім басқармасы түбегейлі шаралар қабылдауы қажет», - деді Ғани Бейсембаев.

Естеріңізге сала кетейік, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін министрлік өткен жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде білім беру аудитін қайта бастады. Алғашқы талдау нәтижелері бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, өткен жылдың сәуір айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау және игеру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған тетіктерді әзірлеу жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр.

Министр Ғани Бейсембаев қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінен кейін азаматтарды жеке қабылдады.

Шымкент
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Тұрғындар жұмысқа орналасу, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзивті, қосымша білім беру, педагог кадрларды даярлау және сапасын арттыру және т. б. мәселелерімен министрге жүгінді.

Ғани Бейсембаев барлық өтініштерге толық түсініктеме берді. Қарауға қосымша уақытты қажет ететін мәселелер жеке бақылауға алынды. Комитеттер мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, азаматтарды жеке қабылдау өңірлерде де, Министрліктер үйіндегі азаматтарды қабылдаудың мамандандырылған орталығында да өтеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша министр барлығы 500-ден астам азаматты жеке қабылдады. Бұл шаралар биыл да жалғасады.

Соңғы жаңалықтар
telegram