Министр Қалмұханбет Қасымов балаларға тосын сый жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов балаларға жаңажылдық тосын сый жасады. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астананың қайырымды жандары клубымен бірге «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығына жаңажылдық тілек шыршасын орнатып, оны мүмкіндігі шектеулі және тағдырдың қиын жағдайына тап болған балалардың хаттарымен безендірдік. Тілектерді біздің қызметкерлер орындайтын болады. 10 күн бойы олар балаларды ұзақ уақыт армандаған сыйлықтарымен қуантады. Мерекелік акцияны Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бастап берді. Оның атынан үш балаға жаңажылдық тосын сый жасалды», - деп жазды Алмас Садубаев.
Департамент басшысының айтуынша, полиция қызметкерлері мұндай акцияларға үнемі қатысып келеді.
«Біздер үшін балалардың жаңажылдық таңғажайыпқа сенгендері әрі армандарының шынайы жүзеге асқаны өте маңызды. Қаланың әрбір тұрғыны өзін Аяз ата ретінде сезінуге мүмкіндік бар. Ол үшін шыршадағы қалталардың бірінен хат алып, ондағы тілекті міндетті түрде орындауы қажет», - деді ол.