Министр «Қайрат»-«Реал Мадрид» матчы билет бағасына қатысты: мемлекеттің араласуға құқы жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлем назарын аударған Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол матчына қатысты пікір білдірді.

Ербол Мырзабосынов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Қазір бар назарды чемпиондар лигасының өз алаңымызда өтетін матчқа дайындыққа аударып отырмыз. Алматыдағы стадион УЕФА-ның төртінші санаттағы аренасы, стандарттарға сәйкес келеді, ойынды сонда өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Ербол Мырзабосынов Парламенттің бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, аталған стадионда бұған дейін де жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізілген.

- Солардың аясында дайын екенімізді, инфрақұрылымның ауқымды іс-шараны өткізуге әзір екенін көрдік. «Реалмен» өтетін матчқа УЕФА квотасына сәйкес шамамен 4–5 мың турист келеді деп жоспарланып отыр, - дейді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы матч билетінің құнына қатысты ойын ортаға салды.

- Қазір билет бағасына қатысты нақты ақпарат жоқ, бұл бағытта клуб УЕФА-мен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Барлық ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланады. Бұл клуб пен УЕФА арасындағы келісім, мемлекеттің араласуға құқығы жоқ, - деп қысқа қайырды Туризм және спорт министрі.

Еске салайық, 30 қыркүйекте алматылық «Қайрат» 2025/26 маусымындағы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Реал Мадридке» қарсы ойнайды. 

Араға уақыт салып «Реал» басшылығы «Қайратқа» қарсы матч туралы пікір білдірді. 

Айта кетейік, «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчының билеттеріне қатысты жалған ақпарат тарады. 

Соңғы жаңалықтар