Министр кей өңірлердегі электр энергиясының ажыратылуына қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 14 тамызда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр қуатының ажыратылуына қатысты пікір білдірді. Ол электр қуатын тез арада қалпына келтірген жүйе операторының жұмысына жоғары баға берді.

Ерлан Ақкенженов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— 14 тамызда сағат 14:37-де Орталық Азияның энергетикалық жүйесінде генерациялаушы жабдықтың ажырауы болды. Бұл іркілістің себебін жалпы қуаты шамамен 625 мегаватт болатын Тоқтағұл су электр станциясының №1 және №2 гидрогенераторы жұмысымен байланыстырамыз. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Орталық Азияның көршілес энергетикалық жүйелеріндегі жұмыс режимдерінің өзгеруі Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағында қуат ағындарының қайта бөлінуіне әкеп соқты. Нәтижесінде, энергетикалық жүйеде Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі бөлінді. Бұл ретте оңтүстік аймақ оқшауланған режимде жұмысын жалғастырды, - деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Оның айтуынша, тізбекті реакция салдарынан бірнеше өңірде - негізінен Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясы өшті. Жүйелік оператор – KEGOC компаниясы он минут ішінде тиісті шаралар қабылдады. Осы орайда Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы шектеулер алынып тасталды. Сағат 16:12-де Алматы және Жетісу облыстарында электр энергиясымен жабдықтау қалпына келтірілді. Осылайша, оңтүстік энергетикалық аймақ Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесімен синхрондалды.

— Шын мәнінде, бұл оқиға біздің релелік қорғаныс және автоматика жүйелеріміздің қаншалықты тиімді жұмыс істегенінің айқын мысалы болды. Жүйелік оператор Қазақстанның бүкіл электр желісін небәрі екі жарым сағат ішінде қайта қалпына келтіре алды. Мәселен, Ыстанбұлда бұл процеске бірнеше күн кетті, ал Тбилисиде тоғыз сағатқа созылған еді. Ал біздің жүйелік оператор желіні бар болғаны екі жарым сағатта іске қосты. Сондықтан Энергетика министрі ретінде KEGOC-тың жұмысына оң баға беремін. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстары бар, - деді министр.

Аталған оқиға бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Олар жақын арада егжей-тегжейлі қорытындысын жариялайды.

Еске салсақ, 14 тамызда ҚР Энергетика министрлігі Қазақстанның кей өңірлеріндегі электр энергиясының ажыратылуына түсініктеме берді.