Министр коммуналдық желілері тозған өңірлерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері 51% тозған. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда республика бойынша 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Желілердің жалпы тозуы - 51%. Министрлік желілерді жаңғырту және реконструкция жұмысын негізінен республикалық бюджет есебінен жүргізеді», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, 2030 жылға қарай коммуналдық желілердің жалпы тозу көрсеткішін 40% дейін төмендету міндеті тұр.
Тозуды төмендету бойынша нысаналы индикаторлар белгіленіп, өңірлерге жеткізілді.
«Бүгінгі таңда коммуналдық желілердің ең көп тозуы Павлодар (68%), Шығыс Қазақстан (64%), Қарағанды (62%) және Ұлытау облыстарында (62%) сақталып отыр. Биыл 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. 3 айдың ішінде 23 шақырым жылумен жабдықтау желілері салынды, бұл - жалпы жоспардың 18 пайызы», - деді М. Қарабаев.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға, сондай-ақ реконструкциялауға биыл республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді.
Жыл соңына қарай орталықтандырылған сумен жабдықтау 120 ауылға және 4 қалаға 100% қолжетімді болады.