Министр квазимемлекеттік секторды қаржыландыру неге өскенін түсіндірді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смышляева квазимемлекеттік сектордың қызметі бойынша сұрақ қойды.
«Тек 2022 жылдың өзінде мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындар қызметінің 45 түрі нарыққа берілді. Жекешелендіру қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, қазіргі кезде жалпы квазимемлекеттік кәсіпорындарға аудит жүргізіліп жатыр. Негізінде, мұны табысты тәжірибе деп атауға болады, бірақ бұл кәсіпорындарға кететін шығындар өсті. Тек 2022 жылдың өзінде осы шығындар 1,4 есеге өсіп, триллионн теңгеден асты. Неліктен ұйымдастыру саласында мемлекеттің қатысуы азайғанымен, аталған кәсіпорындар шығыны өскен?», - деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Ә. Қуантыров бұл мәселеге қатысты түсінік берді.
«Шынымен де осындай мәселе бар. Қазір мүмкіндігінше мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға беруді жалғастырып жатырмыз», деді Ұлттық экономика министрі.
Осы орайда ол квазимемлекеттік секторды реформалау жүріп жатқанын еске салды.
«Былтыр бюджеттік несиелер екі есеге, 500 миллиард теңгеге дейін, ал жарғылық капиталды толықтыру төрт есеге өсті. Өйткені, бұл бюджеттік несиелер әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалды. Агроөнеркәсіптік нарықтағы бағаны тұрақтандыру бағытында Азық-түлік корпорациясының капиталын толықтыру, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму мәселесі ескерілді», - деді министр.
Оның айтуынша, индустриялық жобаларға, агроөнеркәсіптік жобаларға, әлеуметтік тұрғын үйлерге және басқа да бағыттарға 200 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат қайтарылады.