Министр лауазымынан босатылғандар неліктен вице-премьер қызметінде қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кейбір Үкімет мүшелері не себепті министр лауазымынан босатылып, вице-премьер қызметінде қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл тұрғыда саяси шешім жасалды. Бұған дейін министрлікте де, жалпы Үкіметтегі де жұмысын қатар алып жүрген әріптестеріме нақты бір бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалып отыр. Өйткені олар іссапармен көп жүреді», - деді Е. Жамаубаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл ретте спикер Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин жақында Сауда министрі лауазымынан босатылғанын еске салды.

«Серік Мақашұлы (Жұманғарин) көбіне іссапарда болады. Осы ретте ол министр ретінде өз саласына қарауға көп уақыт бөле алмайды. Сондықтан жақында болған өзгерістерді дұрыс деп санаймын», - деді Е. Жамаубаев.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды, ол министр лауазымынан босатылды.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылып, Премьер-Министр орынбасары лауазымында қалды.


Соңғы жаңалықтар