Министр магистратура мен докторантура жөнінде: шәкіртақы тағы да өседі
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 7 жылда 655 мыңнан астам грант берілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
- Жоғары білімге қолжетімділік Қазақстанда өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Соңғы 7 жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс аясында 655 мыңнан астам грант берілді. 1,5 трлн теңгеден астам қаржы осы бағытқа бөлінді, - деді С.Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол кейінгі бес жылда шәкіртақы кемінде екі есе, ал 7 жылдың ішінде екі жарым есе өскенін еске салды.
- Бұл жұмыстарды да жалғастырамыз. Әсіресе, магистратура, докторантура деңгейінде. Докторантураның өзінде қазір 260 мың теңгенің көлемінде, оны тағы да екі есеге өсіруді дұрыс деп көріп отырмыз. Ғалымдарымызды қолдауымыз керек, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Саясат Нұрбек ғылым саласын қаржыландырудың бақылау тетіктеріне түсінік берді.