Министр Павлодар әкімдігінің қоқыстарды кәдеге жараттық деген ақпаратына күмән келтірді

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Экология министрі Серікқали Брекешев ғарыштық мониторинг кезінде анықталған 165 қоқыс үйіндісінің 93 пайызы кәдеге жаратылды деген әкімдік ақпаратына күмән келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 20,5 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 23,8 пайыз болған еді. Бұл республикалық деңгейден 24 пайызға төмен. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны да алаңдатады. Космомониторинг шеңберінде 165 қоқыс үйінділері анықталды. Әкімдік деректері бойынша оның 93 пайызы кәдеге жаратылды. Біздің ойымызша, бұл көрсеткіш күмән тудырады, сондықтан әкімдік заңсыз қоқыс үйінділерін жою жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет», - деді Павлодар облысының тұрғындарымен кездескен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Экология министрі қоқыс үйінділерінің көп болуы заңдастырылған полигондардың болмауынан екенін баса айтты. Ол келтірген дерекке сәйкес, облыс аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған 321 орынның тек бесеуі ғана санитарлық талапқа сай келеді.

«Бұл ел бойынша өте төмен көрсеткіш. Жол картасына сәйкес әкімдік 10 елді мекенде полигондарды талаптарға сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, Тереңкөл, Ертіс және Майқайың елді мекендерінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде», - деп атап өтті министр.

Бұған қоса, Серікқали Брекешов елімізде ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың 30 пайызы Павлодар облысына тиесілі екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар