Министр Рудныйда қаза болған жұмысшылардың еңбек шартына қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Рудныйда қаза болған 4 жұмысшы мен Қазақмыс шахтасында көз жұмған екі қызметкердің еңбек шартына қатысты мәліметтерді айтты.

Министр Рудныйда қаза болған жұмысшылардың еңбек шартына қатысты түсінік берді
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Қостанай облысындағы жағдайға тоқталсақ, бір жұмысшымен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт болған, яғни еңбек шарты емес. Қалған үшеуін жұмыс беруші білмейтіні анықталды. Бұл адамдар еңбек шарттарын бекітпеген. Сондықтан тексеруді Қостанай облысының мемлекеттік инспекциясы департаменті өз мойнына алған. Департамент мамандары еңбек шартына қатысты егжей-тегжейлі анықтайды», - деді Светлана Жақыпова Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бөлек министр Қазақмыстағы жағдайға қатысты тиісті комиссия құрылғанын айтты.

«Комиссия құрамына біздің департаменттің өкілдері кірді. Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қаза болғандардың біреуінің үш баласы бар екен. Ол үш баласына біздің тарапымыздан базалық төлемдер белгіленді. Әлеуметтік сақтандыру қорынан да төлемдер беріледі. Қорытынды акт шыққаннан кейін, жұмысшыны сақтандырған компаниядан төлем жасалады. Үш баласына 343 мың теңге сомасында төлем қойылды», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қостанай облысындағы қайғылы оқиға 6 қазанда болған. 112 пультіне Рудный қаласында 5 метр тереңдіктегі бункерді тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде 4 адам төмен түсіп, су бетіне шықпай жатқаны мәлім болды. 

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақмыс» компаниясына тиесілі «Саяқ-3» шахтасында көміртегі газы шығып, нәтижесінде шахтаның екі қызметкері қаза тапты. 

Соңғы жаңалықтар