Министр спорт басқармаларының басшыларын жаңадан тағайындауға қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов облыстық спорт басқармаларының басшыларын тағайындауға қатысты түсінік берді.

Ербол Мырзабосынов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік жанынан облыстық спорт басқармаларының басшыларын келісу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгінде Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарына жаңа басшылар тағайындалды.

Одан бөлек, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына тағайындау жоспарланған, - деді Е. Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, спорт федерацияларының президенттерін қайта сайлау жұмыстары атқарылып жатыр. Осы уақытқа дейін 7 федерацияда басшылық ауысты.

- Спорт саласының барлық деңгейлерінде тікелей басқару жүйесі құрылатын болады. Сонымен қатар, әкімдердің жұмысы бойынша негізгі тиімділік көрсеткіштерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл шараларды іске асыру республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық нәтижелерді жақсартуға, дене шынықтыру мен спортпен шұғылданатын адамдардың санын арттыруға, халықтың денсаулығын жақсартуға, қаржы ағындарының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ ресурстарды оңтайландыруға алып келеді, - деді министр.

Былтыр күзде министр спорт басқармасы басшыларын жаппай ауыстыру себебін түсіндірді.

Жақында Ұлытау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ауысты.

Соңғы жаңалықтар