Министр спорт басқармасы басшыларын жаппай ауыстыру себебін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бірнеше өңірдегі спорт және дене шынықтыру басқармаларындағы кадрлық ауыс-түйіске қатысты түсінік берді.

Ербол Мырзабосынов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Кеше екі өңірде спорт басқармасы басшылары тағайындалды. Белгілі спортшы Серік Сәпиев Қарағанды облысының спорт басқармасының басшысы болды. Өңірдегі спортты дамытуға бара жатыр. Екінші Павлодар облысы спорт басқармасының басшысы болып Азамат Имашев конкурстан өтіп, комиссияның шешімімен іріктеліп алынып тағайындалды. Қазір бірнеше облыста комиссия отырыстары өтті. Ол жерде білікті, саланы білетін, менеджерлік қабілеттері бар мамандар тағайындалады», — деді Ербол Мырзабосынов Мәжіліс отырысы алдында агенттік тілшісінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, министр спорт саласындағы ауқымды кадрлық ауыс-түйістің себебін түсіндірді. 

«Соңғы Азия ойындары, Олимпиада ойындары және өңірлердегі резерв мәселесі бар. Бүгінде министрлік тарапынан арнайы мониторинг тобы құрылды. Сол топ талдау жасап, ол жерде 3-4 жыл отырған, кейін индикатор орындалмағаннан кейін біз осындай шешімге келдік», — дейді ол.

Айта кетсек, Азамат Имашев Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Одан бөлек, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар