Министр зейнетақыға қосымша төлем неге әртүрлі есептелетінін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың «Ашық диалог» порталындағы блогына биыл зейнетақыны есептеу тәсіліне қатысты өтініш келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, министрге Петропавл қаласының 72 жастағы тұрғыны хат жазған.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы сомасы 10,5%-ға өсті. Менің зейнетақыма қосылатын үстемеақыны есептеу қалай жүргізілетінін түсіндіріп берулеріңізді сұраймын. Еңбек өтілім - 35 жыл, медалім бар. Бірақ, маған қарағанда еңбек өтілі мен зейнетақысы аз кейбір зейнеткерлер үстемеақыны көбірек алған. Осы орайда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап маған тиесілі зейнетақыға қосымша төлемді есептеу тәртібін жазбаша түрде түсіндіруіңізді сұраймын», - делінген зейнеткердің өтінішінде.

Бұл ретте министр Т. Дүйсенова 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері екі нұсқа бойынша өсетінін айтты. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін алушыға неғұрлым қолайлы нұсқа белгіленеді. Бірінші нұсқада төленіп жатқан сомаға 10,5 пайыз қосымша ақы төлеу ескерілген. Ал екіншісінде - жасына қарай қайта белгіленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке (189 750 теңге) дейін ұлғайтылды.

Осы орайда Т. Дүйсенова қосымша төлемге қатысты бірнеше мысал келтірді.

«Бірінші мысал: Жасы бойынша зейнетақы төлемдері «А» деген азаматқа 2022 жылдың 1 мамырынан бастап белгіленді. Осы орайда оның 21 жыл еңбек өтілі мен 160 000 теңгені құрайтынына орташа айлық табысы ескерілді. Бұл ретте 89 231 теңгені құрайтын (146 280 теңгенің 61 пайызы) сома шығып тұр. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері келесідей есептеледі: бірінші нұсқада - 89 231 * 10,5% = 98 601 теңге; екінші нұсқада: 160 000-ның 61% = 97 600 теңге. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап оған тиімді нұсқадағы төлем таңдалады, яғни 98 601 теңге (өсім 9 370 теңге) төленеді», - деді министр.

Екінші мысал: азамат «В-ға» 2022 жылғы 1 мамырдан бастап 21 жыл еңбек өтілі мен орташа айлық табысы 200 000 теңгені құрайтын жасына байланысты зейнетақы төлемдері белгіленді. Бекітілген сома 89 231 теңгені құрады (146 280 теңгенің 61 пайызы). 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері мына тәртіпті есептеледі: бірінші нұсқада - 89 231 * 10,5% = 98 601 теңге; екінші нұсқада - 189 750-дің 61 % = 115 748 теңге. Осы орайда аталған адамға 1 қаңтардан 115 748 теңге сомасындағы тиімді (қосымша ақы 26 517 теңге) төлем беріледі, яғни осы жағдайда екінші нұсқа таңдалып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жасына және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,5 пайызға көтеріледі.

Жалпы, биыл зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшері өсті.


Соңғы жаңалықтар
telegram