Министр жаңа Экологиялық кодекстің негізгі қағидаттарын жариялады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа Экологиялық құжаттың қағидаттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экологиялық реттеудің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, экологиялық проблемаларды шешу үшін біз жұртшылықпен бірлесіп, арнайы жаңа құжат әзірледік. Жаңа Экокодекстің қолданыстағы Экологиялық кодекстен басты айырмашылығы – қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдауға бағытталған», - деп тоқталды министр кодекс жобасын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында.
Экологиялық кодекс жобасы 10 қағидатқа негізделген:
1) алдын алу қағидаты;
2) түзету қағидаты;
3) алдын ала сақтық қағидаты;
4) үйлесімдік қағидаты;
5) «ластағыш төлейді» қағидаты;
6) тұрақты даму қағидаты;
7) интеграция қағидаты;
8) экологиялық ақпараттардың қолжетімділік қағидаты;
9) қоғамдық қатысу қағидаты;
10) экожүйелік ұстаным қағидаты.
«Жоғарыда айтылған қағидаттарға сүйене отырып, мемлекеттік бақылауды, рұқсат беру жүйесін және шаруашылық қызметті жоспарлауды жетілдіру есебінен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар негізгі бағыттарды бөліп көрсетуге болады», - деді М. Мырзағалиев.
Осы орайда басты бағыттардың бірі ретінде озық қолжетімді технологияларды ендіру мен экономикалық ынталандыру шаралары қамтылып отыр.
Еске салсақ, Мағзұм Мырзағалиев еліміздегі экологиялық проблемаларды атаған болатын.