Министр жол апатының көбею себептерін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында елде жол апаттары неге көбейіп бара жатқанын айтты.

Ержан Сәденов
Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

«Жыл сайын елімізде жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мың адам жарақат алады.

Бұл - орны толмас шығындар. Апаттардың өсуіне бірінші тіркеу тәсілдерінің өзгеруі әсер етті. Екінші – автотранспорттың өсуі. Үшінші – инфрақұрылымның жағдайы. Төртінші – жүргізушілер тәртібінің сапасы.

Аталған мәселелерді шешу жолдары Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген. Оның тиімділігі көбіне әкімдіктер мен уәкілетті органдардың белсенділігіне байланысты. Қазір бұл байқалмайды. Қаржыландыру қалдық принципімен бөлінеді», - деген министр нақты мысал да келтірді.

«Мысалы, «Vision Zero» бағдарламасы тек Алматы мен Павлодарда іске асырылып жатыр. Қалған әкімдер жарақат алуды азайту бағдарламасында жағдайды жақсарту бағытында нақты шаралар көрсетпеген. Әрине, мұның бәрі жергілікті бюджетке байланысты. Дегенмен осының бәрі адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді», - ДЕДІ Ержан Сәденов.

Соңғы жаңалықтар