Министрлік ел аймақтарындағы санкцияланбаған митингілерге қатысты жағдайды түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі еліміздің бірқатар қалаларындағы санкцияланбаған митингілер мен адамдардың жиынына қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1 мамырда Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында Бас прокуратураның ресми хабарламасына қарамастан, санкцияланбаған митингілер мен азаматтардың жиналуы орын алды. Акцияға қатысушыларға өздерінің ұстанымдары мен әлеуметтік және басқа да проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берілді. Алайда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жиналғандардың бірқатары өздерін агрессиялық түрде ұстап, тыйым салынған «ДВК» экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап, қоғамдық тәртіпті бұзды. Осыған байланысты әкімдіктер мен прокуратура өкілдері бейбіт митингілер, жиналыстар мен шерулер өткізу тәртібі туралы заңнаманың ережелерін түсіндірді»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда жекелеген азаматтардың заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарға бағынбағандығы, содан кейін полицияның күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге және тәртіп бұзушыларды ұстау шаралары қабылданғандығы айтылған.

«Нәтижесінде елордада және Алматыда полиция бөлімдеріне 80 азамат жеткізілді. Олардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілетін болады. Ішкі істер министрлігі азаматтарға арандатушылыққа берілмеуге және Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтауға шақырады»,-делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде.

Соңғы жаңалықтар