Министрліктер мен ведомство жұмыстарының қорытындылары - ел экономикасы өсімінің оң бағытта өрбіп келе жатқандығын көрсетті

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осы апта ел Үкіметі үшін қарбалас тірлікке толы кезең болды. Өткен апта соңында халыққа дәстүрлі Жолдауын жария еткен Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң бірден Үкіметтің, елдегі министрліктер мен ведомстволардың басшыларын жинап, арнайы жиын өткізді.
None
None

Онда ел экономикасын ілгерілету мен осы бағытта атқарылып жатқан істер бойынша қалыптасқан жағдай сарапқа салынып, жіберілген кемшіліктер сынға түсті. Елбасы мемлекеттегі әрбір мекеменің нендей іспен айналысып, қандай міндеттерді жүзеге асыру қажеттігі жөнінде үкімет өкілдеріне нақты міндеттер қойып, өз ісінде салақтық танытқан бірқатар мемлекеттік орган басшыларының әрекеттерін өткір сынға алды.

Осы жиынның ізін ала, яғни осы аптаның басында елдегі министрліктер мен ведомстволар өткен жылы атқарған істері бойынша есеп бере бастады. Есеп беру жиынын алғаш өткізген ведомство қаржы министрлігі болды.  Қаржы министрлігінің 2011 жылы атқарған жұмыстарына байланысты өткен алқа мәжілісіне Премьер-Министрдің жаңа тағайындалған орынбасары Қайрат Келімбетов қатысты. Онда еліміздің бас қаржыгері Болат Жәмішев қаржы саласында орын алған жетістіктер мен Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында биылғы жылы атқарылуы тиіс міндеттерді ортаға салды.

Министрдің мәліметтерінше, 2011 жылы республикалық бюджеттің кірісі 102,4 пайызға орындалды, Ал алдын ала жоспарланған 4346 млрд. теңгенің орнына бюджетке 4451 млрд. теңге түскен. Яғни жоспар артығымен орындалды. Ал министрліктің биылғы жылы алға қойған міндеттеріне сәйкес, бюджет қаражатының  пайдаланылу тиімділігін арттыру жөнінде тиісі шаралар қабылданып, шығыстар оңтайландырылады. Бұған қоса министрдің айтуынша, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті ұсыныстар енгізетін болады, бұл ұсыныстар өз кезегінде 2012 жылдың республикалық бюджетін нақтылауда және 2013-2015 жылдардың бюджетін қалыптастыруда ескерілмек.

Ағымдағы жылы қаржы саласы бойынша, "Электрондық үкіметті" дамыту мақсатында мемлекеттік мекемелермен электронды құжат айналымының "Қазынашылық-Клиент" ақпараттық жүйесі және "Е-терезе" жүйесі ілкі жоба ретінде іске қосылып,, "Е-Қаржы министрлігі" ықпалдасқан автоматтық ақпараттық жүйесі құрылады.

Сондай-ақ Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру жұмыстары да жалғасын табады. Атап айтқанда, салықтық есептіліктер 30 пайызға қысқартылады.

Алқа мәжілісінде аталғандармен қоса стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алуларға тиімді бақылау жүргізу, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебі және қаржылық есептілігі жүйесін қайта құру, қаржылық мониторинг жүйесін дамыту және т.б. мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген міндеттерге сәйкес, әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - мемлекеттік органдардың бұдан былайғы жұмысының негізгі бағыты болатыны, осыған қарай Үкіметтің экономикалық өсімді және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етпейтін бюджет шығыстарын оңтайландыру қажеттігі айтылды.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов: "Қаржы министрлігінің алдында тұрған ең басты міндет Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттердің жүзеге асырылуын қаржылай қамтамасыз ету болып табылады. 2012 жылдың бюджетін нақтылағанда, сондай-ақ 2013-2014 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде шығыстарды оңтайландыруы және экономиканың өсуіне нақты оң әсерін тигізетін іс-шараларға қаражат қарастыру қажет", - деп атап көрсетті.

***

Осы күні өткен жылы атқарған жұмыстарын Қоршаған ортаны қорғау министрлігі де қорытындылады. Бұл жиынға Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов қатысты. Мәжілісте аталмыш ведомствоға жаңадан тағайындалған министр Нұрлан Қаппаров Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің айналадағы ортаны тазарту, оны ластанудан қорғау және еліміздің төмен көміртекті да­му­ға көшуінің негізгі бағытт­а­рын­да айтарлықтай жұмыстар ат­қар­ғанын атап өтті. Бұл ретте ол Мемлекет басшысының ведомство алдына 10 бағыт бойынша нақты міндеттер қойып, олардың 5-нің бүгінгі күні іске асырылғандығына тоқталды. Яғни бүгін елімізде 2010-2014 жыл­дарға арналған «Жа­сыл даму» са­лалық бағдар­ла­масының алғашқы кезеңі жүзеге асырылуда. Сондай-ақ эколо­гия­лық заң­дық базаны жетілдіру жұмыстары ілгерілеп, ірі табиғат пайда­лану­шы­лар­мен жұмыс жүргізілуде. Бір айта кетерлігі, еліміз Орта­лық Азиядағы эко­номикасы дамы­ған елдердің қатарында. Осы­ған сәйкес, ауаға бөлінетін лас, улы заттар мен парниктік газдар­дың мөлшері өте көп. Осы себепті, яғни ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың көлемін азайту мақсатында Қазақстан БҰҰ-ның Еуро­па экономикалық конвенция­сы­на қосылған. Аталғандармен қоса еліміз қор­шаған ортаны тұрақты дамыту ісінде халықаралық ұйымдармен де ынтымақтастықты арттыруда.  «Елімізде ратифифкацияланған 24 кон­вен­ция осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі. Ең бастысы бұл құжатардан туындайтын талаптардың барлығы нәти­желі жүзеге асырылып келеді»,- деді министр.

Сондай-ақ оның мәліметтерінше, өткен жылы елдің ірі табиғатты пайдаланушылары қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына жоспарланған 116,2 млрд. теңгенің 143 млрд. теңгесін, яғни, 123 пайызын игеріпті. Бұған қоса, ірі табиғат пайдалану­шылармен жүргізілетін жұмыс та кү­шейтілген. Экология­лық заңна­ма­ны сақтау бойынша шаруашылық субъектілеріне 12 мың тексеру жүр­гізіліп, 9 мың­нан астам заң бұзушылық анық­талған және олар бойынша 8,3 мың азаматқа нұсқама берілген. Сонымен қатар 8,5 мың әкім­шілік айыппұл салынып, құны 25 млрд. теңгені құрайтын шығынның ор­нын толтыру үшін 1,5 мың талап қойылған. Осылайша 2011 жылы мемлекет кірісіне жалпы сомасы 18,3 млрд. теңгені құрайтын айыппұл төленген.

Отырысты қорытындылаған Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары Серік Ахметов министрлік алдына жаңа міндеттер қойды.    Яғни министрлік «Жасыл даму» бағдарламасын тиімді іске асыра отырып, осы жұмыстар аясындағы Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын орын­дауды және сот шешімімен рес­пуб­ликалық меншікке өтетін қауіпті қалдықтарды басқару мәселесін шешуді назарды ұстауы қажет.   

***

Осы аптада жыл бойына қол жеткізген жетістіктерін Білім және ғылым министрлігі де жария етті. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, өткен жылы білім беру саласын мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландыру 203 млрд-қа өсіп, 1 трлн. теңгені немесе ІЖӨ-нің 3,8 пайызын құраған. Сонымен қатар елде «Ғылым туралы», «Назарбаев Қоры, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мәртебесі» туралы заң қабылданып, «Білім туралы» заңға да түбегейлі өзгерістер енгізілген. Елдегі 44 оқу орнында электрондық оқыту жүйесі енгізіліп, биыл олардың санын 537-ге жеткізу көзделіп отыр. Аталғандармен қоса министрлік «E-learnіng» жүйесін ілкі жоба ретінде іске қоспақшы. Ал 2015 жылға таман барлық білім беру деңгейлерінде жан басына қаржыландыру тетігі енгізіліп, педагог-мамандардың орташа жалақылары жеке сектордағы еңбекақыға теңестіріледі. Ол үшін педагогтар Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жанындағы педагогикалық шеберлік орталықтарынан әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңа бағдарлама бойынша арнайы үш айлық даярлықтан өтеді. Қайта даярлау үлгісі арқылы санаттарына қосымша жаңа біліктілік деңгейі беріледі де, осыған сәйкес жалақыға қосымша ақы төленеді. Министр жеткізген тағы бір жағымды жаңалық - елде 2015 жылға дейін салынатын мектептер тізбесі анықталған және осы мерзімде   «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» саны жиырмадан аспақ. Ал сырттай оқитын студенттер санының елде күрт көбейіп кетуіне байланысты министрлік жоғары оқу орындарының желісін оңтайландыруды жоспарлап отыр. «Студенттік баспана» бағдарламасы негізінде 2015 жылға қарай студенттердің 80 пайызы жатақханамен қамтамасыз етіледі.  

***

Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер Экономикалық даму және сауда министрлігінде де жетерлік. Білім және ғылым министрлігінен кейін өткен жылғы жұмыстарын қорытындылаған аталмыш ведомствоның жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаевтың мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы экономиканың барлық салаларында өсім бар. Ал ішкі жалпы өнімнің өсімі жыл соңында 7,5 пайызды құраған. Экономиканы дамытудың не­гізгі шарттарының бірі макро­эко­номика­лық тұрақтылықты қам­тамасыз етуде инфля­ция­ның мөлшері 7,4 пайызды құ­рады. Яғни, меже жоспарланғандағыдан өзгерген жоқ.  Министрліктің болашақ міндеттеріне тоқталатын болсақ,   

Экономикалық даму және сауда министрлігінің  негізгі страте­гия­лық міндеті эконо­ми­калық дамуды 7 пайыз деңгейінде ұс­тап тұру болып отыр. Яғни министрлік болашақта осы міндетті жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізбек. Сондай-ақ экономикаға төнуі ықтимал түрлі қауіп-қатерлерге байланысты оларды жан-жақты талдап,     макроэкономикалық тәуе­кел­ді басқару жұмыстары кү­шей­тілмек.

 Мәжілісте Б.Сағынтаев министрлік алдында тұрған, макроэкономикалық тұрақтылықты қам­­та­масыз ету,  экономика өсі­мін белгіленген көрсеткіштер дең­гей­ін­де ұс­тап тұру, экономикадағы интегра­ция­­лық үдерістерге қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлікті дамыту, сауданы жетілдіріп, өңірлік даму саясатына екпін салу,  әкімшілік реформа­сын жүзеге асыру сияқты міндеттерге де тоқталды. Мәжіліс соңында ведомствоның жұмысын қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов министрліктің алдына    биылғы жылдың 1 наурызына дейін дағ­дарыспен күрес­тің Б жоспарын әзірлеп, әлем­дік эко­номикада бо­латын құбы­лыс­тарға сәйкес Қа­зақстан экономика­сы­ның түр­лі сценарийлерін дайын­дауды тапсырды.   Сонымен қатар ведомство өкілдері инфляциялық үде­ріс­терді тұрақты бақылауда ұс­тап, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеулері керек. Бұған қоса табиғи монополистер қызметіне белгіленетін тарифті жасақтау тетіктерін одан әрі жетілдіріп, мемлекет пен жеке меншік әріптестігін дамыту жолдарын қарас­тыру, Бүкіл­әлем­дік сауда ұйымына кіру үде­рістерін толық аяқтау, Бір­тұ­тас экономикалық кеңістіктің Қазақстан үшін тиімді болуын жіті қадағалауда ұстап, осы бой­ынша қажетті мәселе­лерді қам­тамасыз етіп отыру керектігін атап өтті.

***

«Көлік-комму­ни­ка­ция кешенінің негізгі көрсет­кіш­тері тұрақты даму үстінде». Еліміздің Көлік және коммуникация министрлігінің жұмысын қорытындылаған аталмыш ведомство басшысы Асқар Жұмағалиев осылай дейді. Оның деректеріне қарағанда, 2011 жылы елде 5 304 ша­қырым жол жөндеуден өт­ікен. Оның 2 мың 254 шақырымы  -республикалық, 3 мың 50 шақырымы - жергілікті жолдар. Осы­­ бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде сапасы дұрыс жолдар 16 пайызға, сапасы қанағаттанарлық жолдар 49 пай­ыз­ға жеткен. Өткен 5 жылдың ішін­де республикалық маңызы бар автожолдардағы жол апат­та­ры­ның саны 38 пайызға, жол-көлік оқи­ғаларының салдарынан қаза тап­қандар 1,5 есе азайған. Биыл министрліктің алдында «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай»  жобасы бойынша  үлкен міндеттер тұр. Жалпы алғанда елімізде  1 мың 80 шақырым автожол салып,  немесе  қайтадан жөн­деу­ден өткізу қажет болса, сол жолдардың 771 шақырымы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына жатады. Сонымен қатар, рес­пуб­ликалық маңызы бар 1 245 ша­қырым автожолды және жергілікті маңызы бар 3 073 шақырым автожолды жөндеуден өткізу қажет. Сондай-ақ темір жол көлігі арқылы 2011 жылы 279,6 миллион тонна жүк тасымалданып, бұл көрсеткіш алдындағы жылғыдан төрт пайызға көп болып отыр.  Тасы­малданған жолаушылар саны 20,6 миллион адамға жетіп, алдындағы жылдан 7 пайызға асып кеткен. Сонда-ақ азаматтық авиация мен су көлігі салаларының жетістіктері де осы іспеттес.  Яғни онда да айтарлықтай өсім бар. Ал ұялы байланыс қызметі бойынша  желі ішінде сөйлесу құны 33 пайызға, ұялы байланыс опера­торлары арасында интерконнект ставкасы 20 пайыз төмендетілген.

***

Кеше еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің өткен жылғы жұмыстарын қорытындылаған алқа отырысына Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты. Ведомствоның алқа мәжілісін жақында ғана тағайындалған жаңа министр Дархан Мыңбай ашып, өткен жылы атқарылған маңызды шараларға тоқталды. Министрдің мәліметтерінше, «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы аясында былтыр 73 тарихи және мәдениет ескерткіштер қалпына келтірілген. Ғылым саласы бойынша,  мыңдаған артефактілермен байытып, ұлттық тарих туралы көрініс беретін 30-дан астам ғылыми-қолданбалы және 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. «Қазақфильм» киностудиясы жаңғыртылып, бүгінде ол ең озық техника мен шығармашылық күштерге ие толыққанды киноөндіруші кешенге айналды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде елімізде жыл сайын әртүрлі форматта 100-ден астам кинотуындылар өндірілуде. Нәтижесінде ел кинотеатрларында көрсетілетін қазақстандық кинокартиналардың 6 пайыздан астам отандық өнімдер. Ал өткен жылы 5 кинотуынды 9 арнайы жүлде мен наградаға ие болған. Сондай-ақ елде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. 

 Сондай-ақ министрдің мәліметтерінше, осы уақытта елімізде 2,5 мыңнан астам БАҚ қызмет етіп жатқан болса, соның тек 16 пайызы ғана мемлекеттік ақпарат құралдары. Осы ретте министр биылғы жылы елде «Білім» және «Жаңалықтар - 24» телеарналарын ашу жоспарланып отырғандығын атап өтті. Осылайша елде тақырыптық телеарналар саны арта түспек. Баспа қызметі саласында жалпы тиражы екі миллионға жуық дана құрайтын әлеуметтік маңызы бар әдебиеттің 467 атауын шығару қамтамасыз етілді. Ұлттық мұрағат қорына әртүрлі тасымалдағыштарда құжаттаманың 693 мың сақтау бірлігі келіп түсті. Нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттарында 25 миллионнан астам сақтау бірліктері жиналған. Былтыр мұрағат ұйымдары 203 мың Қазақстан мен шетел азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетті», - деді министр баяндамасында.

Осы жиын барысында еліміздің ақпарат саласында болатын біршама жаңалықтармен таныстырған «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының президенті Нұржан Мұхамеджанованың айтуынша, 10 ақпаннан бастап, Ресейдің «Бірінші» телеарнасымен бірлесіп қолға алынған жоба - «Еуразия бірінші» арнасы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарата бастайды. Ал осы аптаның соңына қарай «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің жаңа сайты іске қосылады. Аталған корпорация телеарна арқылы құқық қорғау органы қызметкерлерінің жағымды бейнесін қалыптастыру үшін телесериалдар түсіруді де жоспарлап отырған көрінеді.   

Осы аптада сонымен қатар Ұлттық ғарыш агенттігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Дене шынықтыру және спорт агенттігі, Жер ресурстарын басқару агенттігі, Статистика агенттігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігі, Дін істері агенттігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі,  Төтенше жағдайлар министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі,  Мұнай және газ министрлігі,  Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі сияқты ұжымдар да өткен жылғы жұмыстарын қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар