Министрлік Ақмола облысы ТЖД бастығына қатысты қозғалған іске түсінік берді
АСТАНА.KAZINFORM - Маңғыстау облыстық сотының кассациялық алқасының қаулысымен Бақытжан Алашовқа қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды.

ТЖМ әлеуметтік желіде Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бақытжан Алашовтың бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарламаға қатысты ресми түсінік берді.
- Бақытжан Алашов прокуратура органдарынан, сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігінен өз еркімен кетті. ҚР ҚПК-нің 37-бабының талаптарына сәйкес осы Кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 1, 2, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған сот бойынша ақталған адам, сол сияқты күдікті, айыпталушы, сотталушы оңалтуға жатады, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтарға қандай да бір шектеулер қойылмайды,-деп түсіндірді ведомство.
Осылайша, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық алқасының ұйғарымымен Б.Алашовқа қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты өндірістен қысқартылды.
- Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аталған тұлғаға қатысты шара қолдануға заңды негіз жоқ. Сондай-ақ, шектеу қойылған қызметтік материалдарды жария ету фактісі бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабарлаймыз, - деп толықтырды ведомстводағылар.
Бұған дейін ғимараттың кіреберісіндегі баспалдақтан әйел адамды итеріп жіберді деп айыпталған 83 жастағы белсенді Амантай-қажыға қатысты сот ісі қысқартылғаны хабарланған болатын.