Министрлік бала тәрбиесіне теріс әсер ететін фильмдерді атады

полиция
Фото: Polisia.kz

ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне кері әсер етіп жатқан фильмдер мен сериалдарды атады, деп хабарлайды Kazinform.

«Қоғамда жаңа сын-қатерлер мен талаптар пайда болып жатқанын мойындауымыз керек. Ересектер негізінен ақша табумен басы қатып жүргенде, бала тәрбиесіне уақыт қалмайды. Балалар тәулік бойы интернетті, әлеуметтік желілерді қарап отырады. Мұнда ең танымал контент ретінде бірінші орынға зорлық-зомбылық, дөрекілік пен түрлі пранктер шығып отыр. Сонымен қатар, кейінгі кездері кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына «Черный двор», «Пацанская история», «Тараз», «Слово пацана» сияқты танымал фильмдер кері әсер етіп жатыр», - деді Р. Зұлқайыров Сенатта кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету мәселесін талқылау кезінде.

Бұл тұрғыда ол полиция қызметкерлері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, осы фильмдер мен сериалдардың кейіпкерлерін мысалға алып, қылмыстық өмірдің теріс салдарын түсіндіріп жатқанын айтты.

«Бірақ бұл іс-шаралар жеткіліксіз. Жергілікті жерлерде идеология жетіспейді, экранда үлгі алатын кейіпкерлер тапшы», – деп толықтырды Ренат Зұлқайыров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенатта кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету тақырыбындағы жиында депутат Нұрлан Бекназаров сот статистикасы бала тәрбиесіне байланысты мәселелердің өте өзекті екенін көрсетіп отырғанын айтты. 

Соңғы жаңалықтар