Министрлік еліміздегі орман өрттерінің негізгі себептерін атады

өрт
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі орман және дала өрттерінің шығуы себебінің жыл сайынғы статистикасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын өрт қауіпті кезеңде 1 мыңға жуық орман өрті, сондай-ақ адамдардың өміріне, олардың мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін 4 мыңға тарта дала өрті тіркеледі», - делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, орман өрттерінің жартысынан астамы немесе 61 пайызы найзағай түскеннен болады. Сонымен қатар, қалың ағаштың жануына дала өрттері де әсер етеді.

«Былтырғы өрт қауіпті кезеңде талдау жасалып, Абай, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар және Түркістан облыстарында орман және дала өрттерінің айтарлықтай өскені анықталды», - делінген ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, биылдың өзінде 150-ге жуық табиғи өрт тіркелді.

«Осы жылы жаз ыстық болуы мүмкін, яғни өрттің шығу қаупі жоғары. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 27 орман өрті және 122 дала өрті тіркелді. Олардың көбі министрлік күштерінің, соның ішінде авиацияның қатысуымен ауыздықталды», - деп аталып өткен министрлік хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар